«Арселор Миттал» компаниясы өткен жылы жерге қатысты шерулер болып жатқанда жер учаскесін өз меншігіне рәсімдеп алған
Былтырғы жылдың 21 мамырында Конституция мен жер кодексіндегі өзгерістерге қатысты митингілер болған-ды. Атырау, Ақтөбе, Қызылорда, Семей, Алматы қалаларында шетел азаматтарына жерді жалға беруге наразылық акциясы бірінен кейін-бірі болған еді. Тура осы кезде Қарағанды облысында өзгеше оқиға болды. Тағы да жер мәселесі. Біз бұл туралы білмес те едік. Қазір жүріп жатқан Қарағанды облыстық мамандандырылған ауданаралық сот процесі болмағанда...
Кәсіпкер Юлия КОРОЛЕВСКАЯ «Арселор Миттал» АҚ аумағындағы жылыжайды сатып алу туралы келісім шартын жасату үшін сотқа талап арыз түсірген. 2015 жылы шетелдік инвесторларды керек емес өндірістерден босату науқаны жүргенде, Юлия Королевская жылыжай кешенін сатып алуды ұйғарыпты. Жылыжай онсыз да бос тұрған. Кәсіпкер өндіріспен айналысып, металлургтер қаласында жаңа жұмыс орындарын ашпақшы болады.
«Арселор Миттал» АҚ кәсіпкердің бастамасына қарсы болмай, 2015 жылдың қаңтар айында кәсіпкермен келісімшарт жасасады. Құжатта бастапқыда жылыжайды пайдалануға сенімхат беріліп, алты айдан кейін 1,5 млн теңгеге сатып алуға болады делінген. Яғни жергілікті кәсіпкер жылыжай тұрған жер учаскесін өзіне рәсімдеген соң, кәсіпорын сатылуға тиіс еді.
Алайда арада екі жыл өтсе де, жылыжайды сату туралы келісімшарт жасалмайды. Жер учаскесінің құжаты рәсімделгенше келісімшарт уақыты жарты жылға дейін созылатын, әр жарты жыл сайын қосымша келісімдер жасалып отырған. Жылыжайға біраз қаражат салған кәсіпкер барымнан айырылып қалмайын деп сотқа талап арыз түсіреді. Бірден «Арселор Миттал» АҚ Ю. Королевскаяға қарсы шағымданады. Олардың айтуынша, келісімшарт пен қосымша келісімшартта бас директордың қолы жоқ. Сондықтан да бұл құжаттар заңсыз.
Судья істің ақ-қарасын анықтау үшін даулы жер металлургиялық комбинаттың жекеменшігінде ме деген сауалды Қарағанды облыстық әділет басқармасына жолдайды. 9-қараша күнгі сот отырысында судья Асылбек ҚАБИТОВ әділет басқармасының жауабын жариялады. «Арселор Миттал» АҚ 2016 жылы 21 мамыр күні жер учаскісін өз меншігіне рәсімдеп алған екен.
Сотта куәгер ретінде сөз алған «Арселор Миттал» АҚ өкілі Екатерина КУЗАЛЁВАНЫҢ айтуынша, 2015 жылы кәсіпкер Королевская жер компанияның меншігінде болмаған соң, онымен сауда-саттық келісімшарты жасалмаған. Сондай-ақ, Кузалёва ол жер телімінің әлі де компанияның балансына толық кірмегенін айтты. «Арселор Миттал» АҚ меншігіне кіргенде, заңға сәйкес жылыжай да сатылады»,- деді Кузалёва.
Компания өкілі келісімшарттарда бас директордың қолы қойылмағандықтан құжаттардың заңдық күші жоқ дегенді қайталаумен болды. Бірақ ол құжаттарда «Арселор Миттал» АҚ мөрі басылған. Сондықтан да алпауыт компанияның бұндай ұстанымы түсініксіз. Егер сот жасалған келісімшарттарды заңсыз деп тапса, компанияда кезекті коррупциялық жанжал басталады. Өйткені, Королевскаямен келісімді қатардағы қызметкерлер жасасқан жоқ қой.Бұл істің басы-қасында бөлім басшыларынан бастап, қаржы директорына дейін болған.
Қош, бұл енді соттың ісі.
Бізді шетелдік компанияға жердің сатылуы толғандырады.
Бір жағынан Жер кодексінің 23 бабының 5 пункті шетелдік заңдық тұлғаларға өндірістік қажеттілік үшін жерді иемденуге рұқсат береді. «Арселор Миттал Теміртаудың» бір ғана құрылтайшысы «Арселор Миттал Холдингс Б.В.». Голландия да Eemhavenweg, 70, 3089KH, Rotterdam мекен жайы бойынша тіркелген.
Алайда, Ата заңның 26 бабына түзетулер енейін дегенде, қоғамда дүмпудің болғаны түсінікті. Заңға өзгеріс енгенде, шетелдіктердің кез-келген дүние-мүлікке иелік етуге құқықтары болушы еді.
Осыған орайда компания жерді неге 2016 жылы араға 21 жыл салып меншіктеп алды деген сұрақ туындайды. Жер телімі қалай рәсімделді? Бастысы шетелдік компания қазақ жерін қаншаға сатып алды?
Дегенмен соңғы сұраққа жауап табуға болады. Жер сатылымынан түскен қаражат 2016 жылы Теміртау бюджетіне түсуі керек еді. Ratel.kz жер қаншадан сатылғанын анықтау үшін қала әкімдігіне сауал дайындап жатыр.