Жұмысшылар мен компания басшылығы арасында келіссөздер өтті
«Қазақмыс» корпорациясының» баспасөз қызметі хабарлағандай, кеншілер мен компания басшылығының арасында өткен келіссөздер сәтті аяқталып, кеншілер жұмыс орындарына оралған, деп жазады Қазақпарат агенттігі.
«Оңтүстік Жезқазған кенішінде шыққан еңбек дауының реттелгенін хабарлаймыз. «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС-ның барлық кәсіпорындары штаттық тәртіппен жұмыстарын жалғастырады», - делінген таратылған баспасөз мәлімдемеде.
Сонымен қатар, Қарағанды облыс әкімдігінің хабарлауынша еңбек дауын шешу үшін бастамалық топ кұрылып, оған 20 жұмысшы кірген, деп хабарлайды ҚазТАГ.
ЖШС "Қазақмыс Корпорациясының" басқару кенесінің Бас директоры Бахтияр ҚЫРЫҚПЫШЕВ, жұмысшыпар көтерген мәселенің егжей-тегжейі қаралды деді. "Барлық шешімдер жұмысшылармен келісілді. Мәселе шешілді", - дейді ол.
Облыс әкімдігі өз тарапынан келіссөз кезінде жасалған келісімдердің орындалуын қадағалайтын болады.
Еске сала кетейік, кеше 250-ге жуық компания кеншілері басшылыққа бірнеше талап қойып, ереуілге шыққан еді. Басты талаптары жалақыны 70 пайызға көтеру болатын.