Павлодар облысында заңсыз аң атқан орманшы ұсталды
«Ертіс орманы» мемлекеттік табиғи резерватының испекторы құрықталды, деп хабарлайды Павлодар облыстық ІІД баспасөз қызметі.
«ҚР ҚК 337 бабы «Заңсыз аңшылық» бойынша іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеу басталған. Күдікті азаматтың көлігінен «Вепрь» аңшылық мылтығы мен екі аңның денесі тәркіленген. Автокөлік айыппұл тұрағына қойылған», - делінген таратылған баспасөз хабарламасында.
Жанындағы екі сыбайласымен бір елік пен бұланды атқан орманшы енді бұл әрекеті үшін заң алдында жауап беруі тиіс. Табиғат қаскөйлері Лебяж аудынында ұсталған екен.
«Ертіс орманы» мемлекеттік табиғи резерваты мамандарынмен бірге арнайы рейд жүргізген полицейлер күдіктілердің ізіне кеше түнгі сағат 2-лер шамасында түскен екен. Бір елік пен бұланды жайратып салған олар «Ниссан патрол» маркалы көлігімен орман ішінен шығып бара жатқан жерінен ұсталған.
Өлген аң денелерін көлікке тиеп алған орманшы жүргізуші куәлігін сұраған полицейлерге қызметтік куәлігін ұсынған көрінеді. Еш лизенциясыз аң аулаған үш азаматтың үстінен қазірде қылмыстық іс қозғалған. Заңсыз аң атқан бұл қаскөйлердің кінәсі дәлелденген жағдайда, оларға ірі мөлшерде айыппұл салынуы мүмкін. Сондай-ақ, заңбұзушылыққа жол берген 59 жастағы инспекторды жеке жауапкершілікке тарту мәселесі қарастырылып жатыр.