Журналист Есенгүл Кәпқызының айтуынша, қазақ тілді кеңістікте қаржы-экономикалық материалдар аз
Астанада қазақ сайттары редакторларының форумы басталды. Шараның негізгі мақсаты - қазақ тілді сайттарды дамыту, контент сапасын көтеру, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. Форумның бірінші сессиясында «Мінбер» журналистерді қолдау қорының жетекшісі Есенгүл КӘПҚЫЗЫ қазақ сайттарының негізгі мәселелерін атап өтті. Оның айтуынша, қазақ тілді кеңістікте қаржы-экономикалық материалдар аз. Ал сайттардың өздері жеңіл-желпі тақырыптардан шыға алмай жатады.
«Қазір біз қандай оқырманды тәрбиелеп отырмыз? Біз бүгінгі маңызды мәселелерді емес, жұлдыздар және тағы басқа сенсациялық жаңалықты іздейтін оқырманды тәрбиелеп отырған сияқтымыз. Тіпті, бес жастағы баланың өзі әншінің өмірін бес саусағындай біліп отырады. Бірақ өзіне қажетті ақпараттарды білмейді. Неге? Өйткені біз өзіміз қажетті ақпаратты бермейміз», - дейді Е.Кәпқызы.
Зерттеуге сәйкес, соңғы жылдары қазақ сайттарының саны өсті. Алайда олардың арасында бәсекелестік төмен болып тұр. Себебі сала-сала бойынша бөлініп, тұщымды дүниелерді жариялау жағы кенжелеп келеді. Қазақ сайттары бір-бірінің ақпараттарын көшіріп баса салады. Сөйтіп, контент біртекті, ал қазақ сайттарының жеке ізденісі, жеке қолтаңбасы жоқ. Мультимедиялық өнімдерді пайдалану көрсеткіші де төмен.
«Тағы бір мәселе ол - тақырыптың таяздығы. Бұл - біздің өз қателігіміз. Біз неғұрлым сапалы контент ұсынсақ, оқырманның талабы да соғұрлым артады. Сондықтан тақырыптардың аясын кеңейту керек. Біздің байқағанымыз, қазақ сайттары көтеретін бірнеше тақырып бар. Ол - әлеуметтік мәселелер, тіл мәселесі және ұлттық мәселе. Осы тақырыптардың төңірегінде көбірек әңгіме қозғаймыз. Ал қаржы мен экономика саласына тереңдеп ене алмаймыз. Негізі, ондай тақырыптарға сұраныс жоғары», - деп атап көрсетті Е.Кәпқызы. Осы орайда қор жетекшісі мемлекеттік тапсырыс мәселесіне де тоқталды. Оның айтуынша, қазақ сайттары мемлекеттік тапсырысқа неғұрлым тәуелді болса, тақырып аясы соғұрлым тарыла түседі. «Мемлекеттік тапсырыс болмасын демейміз. Тапсырысты алу керек. Бірақ осы мәселенің басқа бір жолдарын қарастыру қажет. Мәселен, мемлекеттің ішкі контентке араласпауы, ішкі контентті басқармауы. Өйткені бүгінде біз әлеуметтік желілерден қалып қойып отырмыз. Қоғамдық пікірді қалыптастыру жағынан бұқаралық ақпарат құралдары емес, әлеуметтік желілердің үлесі басым болып тұр», - деді журналист Есенгүл Кәпқызы.
Фото: baq.kz