Белгілі құқық қорғаушының әкесі Александр Жовтис және Мағжан Жұмабаев, сондай-ақ, Алаш төңірігенде берген сұхбаты
Биыл қазақтың классик ақыны Мағжан Жұмабаевтың туғанына 125 жыл. Мағжан тоталитарлық жүйенің құрбаны болған алаш арыстарының бірі. 1938 жылы атылғанан кейін оның шығармашылығы ұзақ уақыт халықтың қолына жетпеді. Ақынды ақтау 1958 жылы қолға алынғанымен ол іс аяғына дейін жетпеді. 1960 жылы Түркістан әскери округі әскери трибуналының алқасы шешімімен ақталды. Бірақ бұл жөнінен ғылыми һәм шығармашылық ұйымдар хабардар болмады. Қаламгердің шығармалары 1980 жылдардың соңында ғана кең көлемде тарай бастады.
Тар жол, тайғақ кешуден өткен ақын шығармашылығын насихаттаған әдебиеттанушылардың бірі Александр ЖОВТИС еді. Биыл Александр Лазаревичтың туғанына 95 жыл толады. Аудармашы ақын, ғалым Александр Жовтистың мағжантануға қосқан үлесі жайлы қаламгерлер қауымы болмаса былайғы жұрт біле бермейді.
- Евгений Александрович, әкеңіз Александр Лазаревич Мағжан шығармашылығына қалай барды? Әңгімені осыдан бастасақ.
- Әкемнің Мағжан шығармашылығына қалай барғанының анық-қанығын білмеймін. Ол кезде жас едік қой. Бірақ ол кісінің әдебиетті оқытуда нақты ұстанымы болды. «Мен ежелгі орыс әдебиетін ұнатқандықтан оқытпаймын. Совет әдебиетінен дәріс оқығым келмейтіндіктен» дейтін. Әдебиеттанушы ретінде осы ұстанымына адал болды. Әкем партия қатарында болған емес. Және советтік жүйеге мүлде қарсы көзқараста еді. Сондықтан да ғылымда, білім саласында советтік пропагандадан алшақ болуға тырысатын. Поэзия теориясынан, ежелгі орыс әдебиетінен студенттерге сабақ берді. Өлең құрылымы мен табиғаты жайлы ғылыми еңбектер жазды. Михаил ГАСПАРОВ сынды өлеңтанушылармен жиі кездесіп, өлеңнің даму кезеңі жайлы, поэзиядағы жаңа бетбұрыстар туралы ұзақ әңгіме-дүкен құратын. Сосын ол кісі талантты қаламгерлердің шығармасын оқығанда жаңа әлемге тап болғандай дүниенің барлығын ұмытып кететін. Әдебиеттанушы ретінде өз сөзін айтатын. Қолына түскен барлық талантты ақындарды тәржімалады. Корей классикалық поэзиясын сүйсіне отырып аударғаны бар. АҚШ ақындары Генри УОДСОУРТ ЛОНГФЕЛЛО, Карл, СЭНБЕРГТІ де орыс тілінде сөйлетті. Украинада туып өскендіктен Тарас ШЕВЧЕНКО, Михайль СЕМЕНКО, Дмитро ПАВЛЫЧКОЛАРДЫ да аударды. Әкем қазақ әдебиетінің өкілі ғой. Сондықтан да қазақтың классик ақыны Мағжанды аудармауы мүмкін емес-ті.
- Сөзіңіздің жаны бар. Александр Лазаревич қазақтың талантты ақындарын аударыпты. Мысалы, Абайдың атақты «Жаз» өлеңі.
- Иә, Абайды аударды. Мағжан ЖҰМАБАЕВ, Қасым АМАНЖОЛОВТЫ да орыс оқырмандарымен таныстырды. Қазақ әдебиеті фольклор мен халық ақындарының мұрасына бай ғой. Халық ақындары Жаяу Мұса, Жамбылды да тәржімалағанын білесіз ғой. Әкем Мағжанды советтік машинаға қарсы алашшыл болғандықтан аударды деп айта алмаймын. Ғажап ақын болғандықтан шығармашылығына қызықты. Мағжан шығармалары тыйым салынғаны тарихтан белгілі ғой. 1960 жылдардың екінші жартысында ұлты татар Хайролла МАХМҰДОВ екеуі Мағжанды аударуға кірісті. Хайролла аға қазақ тілін біледі екен. Алайда, осы жұмыстары үшін Махмұдовқа қатаң ескерту берілді де әкемді қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінен жұмыстан қуды. «Қазақ ұлтшылы» деп айыпталды. КСРО құлаған кезде әкем бекер «қазақ ұлтшылығы» атанбаған екем. Ақыры империя құлады деп, өзіне тағылған сол кездегі айыпты мақтан тұтып отыратын. Кейін «У казахов есть такой поэт» деген Мағжан жайлы мақаласы жарық көрді ғой.
- Жұмыстан шығып қалғанымен Мәскеудегі әдеби орта ол аудармаларды жақсы қабылдады ғой.
- Иә, жақсы қабылдаған. Бірақ ол кезде қолдау, қорғау мүмкін емес еді.
- Сонда Александр Лазаревичты қорғағандар болмаған ба?
- Болды. Олжас СҮЛЕЙМЕНОВ, Мұрат ӘУЕЗОВ, Мұхамеджан ИСАЕВ т.б қолдады. Бірақ ол уақытта ашық араша түсу қиын еді. Адамдар қорқатын. Көп жора-жолдастары үйге келмей кетті. Жақсы адамдар қай кезде де бар ғой. Әл-Фараби атындағы ҚҰУ-нен бір жола шығып қалғанда қазіргі Абай атындағы АМУ-нің сол кездегі ректоры Тоқмұхамед САДЫҚОВ жұмысқа алды. Сол білім ордасында әкем дүниеден озғанша еңбек етті.
- Сіз Александр Лазаревичтың ісімен таныстыңыз ба? Баласы ретінде емес құқық қорғаушы ретінде.
- Әкемнің ісін қарамадым. Әкем өзі танысып шыққан. Қалай қолына түсіргенін білмеймін. Ол кезде ондай құжаттарды алудың өзі қиын еді ғой. Кейін сол құжаттардың негізінде «Как я угрожал государственной безопасности» деген кітап жазып шықты ғой. Әмбе құқық қорғаушы ретінде КГБ-ның айыптары маған белгілі.
- Әкеңіздің диссиденттік жолы қалай басталды?
- Әкем белсенді диссидент болды деп айта алмаймын. Рухани тұрғыда диссидент еді. Соцреалисттік шығармаларды оқымайтын, коммунистік науқандардан алыс жүруге тырысатын зиялылардың қатарында еді. Үйде «Архипелаг Гулаг», «Одинь день Ивана Денисовича» сынды тыйым салынған кітаптар болатын. Лекция оқуда өзінің тәсілі болған. Әдебиет арқылы ой еркіндігін, адами құндылықтарды насихаттап отырған. Бала күнімде біздің үйде үлкен әскери радио болатын. Радио мен жатқан төсектің жанындағы шкафтың үстінде тұратын. Әкем менің қасыма келіп «Голос Америки», «Неміс толқыны» мен «Азаттық» радиосын тыңдайтын. Мен де амалсыз тыңдап жататынмын. Он жасымнан бастап осындай радиолардың тыңдарманы болдым. 1968 жылы Чехословакияға кеңес әскері кіргенін естігенде әкемнің қатты ашуланғаны бар. Шешем совет үкіметін құрған большевик Евгений Васильевич ПЛОТИКОВТЫҢ қызы еді. Нағашы атам КСРО-ның денсаулық сақтау министрінің орынбасары болыпты.1938 жылы «халық жауы» атанып 10 жылға сотталды. 1942 жылы дүние салыпты. Әйелі екінші дүниежүзілік соғыс басталғанда майданға аттанады. Ал шешем бас сауғалап Алматыға келеді. Сол кезде әкем екеуі танысып үйленеді. Нағашы атамның Анна Васильевна ПЛОТНИКОВА деген қарындасы болған. Орыстың белгілі ақыны Евгений ЕВТУШЕНКО сол кісінің немересі. Мен бір кездері ақын немере ағаммен хат алмасып тұратынмын. Әрине, ол енді өзінше бөлек әңгіме. Қысқасы, әкем «халық жауының» күйеу баласы болды ғой. Оның сіз айтқандай диссидент болуына осы да әсер еткен болуы керек.
1970-жылдардың басында зиялыларды қудалаудың тағы бір толқыны болған. 200-ден (КСРО бойынша) аса зиялылар КГБ-ның құрсауына түскен еді. Әкемнің үстіне «донос» жазылды. Қателеспесем 1973 жылы үйде тінту болды. Әкем докторлығын қорғау үшін Киев қаласына кеткен еді. КГБ қызметкерлері оқуға болмайтын кітаптар мен Александр ГАЛИЧТЫҢ әні жазылған үн таспаны іздеді. Кітаптарды таба алмады. Кітаптар мен жататын жиналмалы кресло-төсектің астында болатын. Ал Галичтың пластикаларын тауып алды. Әкем бір жыл тергелді. Қуанышқа орай тергеуші өзінің бұрынғы оқушысы болып шықты. Оның көзқарасы дұрыс болыпты. Әкем филолог қой, Галич әндерінде антисоветтік дүние жоқтығын дәлелдеп шыққан ғой. Қысқасы, сотталмай аман қалды. Бірақ бұл жолы 8 жыл жұмыссыз қалды.
- ... Занимались мною не только мелкие сексоты из числа знакомых граждан (это само собой) но и майоры, полковники и даже один генерал – лейтенант сил государственной безопасности. Бұл әкеңіздің «Как я угрожал государственной безопасности» атты кітабынан үзінді. Ал тәуелсіз Қазақстанның КНБ-мен «қарым-қатынасы» қандай болды?
- 1990 жылдардың басында еркіндік болды ғой. Әкем өзінің ісін қолына алып, сіз айтып отырған кітапты жазып шықты. Алайда, бұл күштік құрылым түбегейлі өзгерген жоқ қой. ҰҚК мемлекет пен биліктің екі бөлек екенін әлі де түсіне алмай келе жатыр. Олар билікті өзгеше ойлайтындардан қорғауын жалғастырып жүр. Азат ойлы азаматтарды аңдуды қоятын емес, ал олар билікке ешқандай да қауіп төндіріп тұрған жоқ. Бірақ ҰҚК бәрібір сол ескі сүрлеуінен шығатын емес. Сондықтан да әкем КГБ-ның бақылауынан шыққанымен КНБ-ның назарында болды.
- Бір кезде А. Лазаревичтың тұрған үйіне ескерткіш тақта қою мәселесі көтерілген еді. Қазір ол кісінің еңбегі қаншалықты бағаланып жүр деп ойлайсыз?
- Әкемнің зерттеулеріне сілтемелер жасалған ғылыми еңбектер шығып жатыр. Абай атындағы АМУ-ті біраз еңбектерін басып шығарды. Әкеме арналған кабинет бар. Шәкірті Сәуле АБИШОВА екеуіміз биыл бірігіп тағы да кітаптарын шығаруды жоспарлап отырмыз. Біз бүгінгі Қазақстанда тек ҰҚК-не ғана диссидент болып отырғанымыз жоқ. Белгілі деңгейде биліктің көзіне әлі күнге дейін диссидент болып көрінеміз. 2000 жылдары әкем тұрған үйге ескерткіш тақта орнату мәселесі қозғалған. Алайда жергілікті билік орнатпады. Шешем өле-өлгенше үміттеніп еді. Бұған тырнақшаның ішінде мен «кінәлімін». 1990-жылдың аяғында «Азаматтың», 2000-жылдың басында ДВК-ның құрамында болдым. Алдағы күнде бұл мәселені тағы да көтергім келеді. Алматы әкімдігінің жанындағы қоғамдық кеңестің мүшесі Айдос САРЫМ да жәрдемдеспек ниетте.
- Сұхбатымызды Мағжан Жұмабаевтан бастап едік. Мағжандай ақын ұраншысы болған Алаш Орда үкіметіне былтыр жүз жыл толды. Сіздің ше қалай аталып өтті?
- Алаш қайраткерлері өз замандарынан озық туған тұлғалар еді. Олардың бағдарламасы сол кезеңде жүзеге асуы мүмкін емес болатын деген пікірлерді көзім шалып қалады.Олар аңсаған қоғам мен мемлекетті шығыс еуропадағы кейбір халықтар бертінде орнатты. Бізде демократиялық құндылықтар айтыла бастаса «біздің қоғам әлі дайын емес» деген әңгімелер желдей еседі. Ең бастысы саяси элита дайын болуы тиіс. Сол өткен ғасырдың басында мемлекетшіл қайраткерлерге қоғам тарапынан сұраныс болды. Сондықтан алашшыл азаматтар пайда болды. Олар тек азаттық жолында құрбан болмады. Азаттық, демократия және адам құқықтары үшін бастарын бәйгеге тікті. Сол жолда опат болды. Былтыр Қазан революциясына 100-жыл толды. Сталинді пір тұтатын ресми Мәскеу бұл датаны қалай атап өтеміз деп абдырап қалды. Неге? Өйткені олар үшін қазір революция деген сөз қорқынышты. Кез-келген авторитарлық режим ол сөзді естісе аяқ-қолы дірілдейді. Мен бұны неге айтып отырмын. Біздегі жағдаймен параллель жасауға болады. Енді сұраққа нақты жауап берсем. Алаштың 100 жылдығы өз деңгейінде аталып өткен жоқ. Оның екі себебі бар. Бірінші, билік қазақ мемлекетінің ірге тасын бірінші болып өздері қаламағандарын мойындаулары керек еді. Екіншіден, Алаш мұрат тұтқан демократия мен адам құқықтары сақталатын қоғам орнатулары қажет болатын. Осы екі нәрсе жасалғанда Алаштың 100-жылдығы мемлекеттік дәрежеде өтер еді.
Фото Евгений Жовтистің архивынан.