Әнші өнерімен көрші Қытайды бағындырмақ
Қайрат ТҮНТЕКОВ «SuperStar KZ» теле байқауы арқылы сахнаға көтеріліп, тыңдарманын тапқан талант. Белгілі себептерге байланысты өнерлі жігіттің біраз уақыт сахнадан алшақтап қалғаны бар. Елімізде ұйымдастырылған «I m Singer» жобасы Қайраттың қайта сахнаға оралуына ұйытқы болды. Жуырда ел арасында «Қайрат елден кетеді» деген әңгіме тарады. Тыңдарман көңілін күпті еткен мәселенің мән-жайын әнші жігіттің өзінен сұрап білдік.
-«I m Singer» жобасының жүлдегері атанған соң, Қайраттың шығармашылықта жолы қайта ашылған сияқты ғой. Халықтың қошеметін сағындыңыз ба, шыныңызды айтыңызшы?
- Әрине, ниеті түзу пендеге жаратқан өзі жол сілтейді дегенді айтады ғой, білетіндер. Осы жобаға қатысып, жүлдеге қол жеткізгенім бірінші- Алланың, екінші- халықтың қолдауының арқасы деп білем. Әлемдік деңгейде әнші болып, еліміздің атын асқақтату бала күнгі арманым еді. Бұйырса, үмітімді үкілеп осы мақсаттың жолында жан-тәніммен еңбек етуге тырысамын. Осы жылы жеке шоу концертімді берсем деген жоспарым бар.
Бірақ мына айда, мына күні өткіземін деп, тап басып айта алмаймын. Оған дейін біраз әндер жазып, бейнебаяндар түсіріп, қыруар еңбек етуге тура келеді. Өзіңіз айтқандай, халықтың қошеметін сағынғаным рас. Ер жігіттің басынан не өтпейді дейсіз?! Өмірде жығылмаған мықты емес, жығылып қайта жүгірген мықты демей ме? Жорытқанда жолымның болып, байқауда бағымның жануына ұйытқы болған тыңдармандарыма шексіз алғысымды білдіремін.
- Қайраттың елден кетуі мүмкін деген тыңдарман алаңдаушылығы бар көрінеді. Өзіңіз не айтасыз?
- Әрине, маған көрші елдерден түрлі ұсыныстар түсіп жатқаны рас. Ресейлік продюсер Максим Фадеев те бірігіп жұмыс жасағысы келетінін жеткізді. Бірақ менің таңдауым Қытай еліне түсті. Бұл жөнінде арнайы келісім шарт та жасасып қойдық. Алла қаласа, ата-анамның батасын алып, сол жаққа аттанамын.
Қытайды таңдаған себебім, бұл өте алып мемлекет. Халқының саны да айтарлықтай көп. Сол көпті өнеріммен мойындата алсам, ары қарай Америка асып кетуім де мүмкін. Неге десеңіз, мойындау керек біздің елде шоу-бизнес жоқ. Той-бизнес қана мығым дамыған. Өйткені өнерпаз атаулының барлығы халықтың тойының арқасында нәпақасын айырып жүр. Ал мен шоуды таңдаймын. Сол себепті кісі еліне кетіп бара жатқан жайым бар. Бұл туған жерімнен жерігендіктің белгісі емес. Мен туған жерімнің әрбір тасын, аққан суын, атқан таңын ерекше сүйемін. Мақсатым қазақ деген ұлы халықтың өнер мен мәдениеттен кенде еместігін өзгелелерге мойындату.
- Бізде тума таланттар бағаланбайтыны жасырын емес. Азияны қойып, Еуропаны мойындатқан Димаш Құдайбергеннің елдегі біраз жобаларда бағы жанбай, салы суға кеткен болатын. Мұның бәріне өнер сахнасында жең ұшынан жалғасқан тамыр-таныстық пен жемқорлық кінәлі ме, әлде телеарналардың құлағын ұстаған шала сауатты шенеуніктер кінәлі ме?
- Оныңыз рас. Кезінде музыканың жілік майын шаға алмай жүріп, ән байқауларға қазылық еткендер «айғайлайсың, шыңғырасың, ән айта алмайс ың» дегенді айтып, Димашты тұқыртқан еді. Бірақ өнер жолында жүрегінде иманы бар жандар кездесіп, солардың қолпаштауының арқасында күллі әлемді мойындатты.
Біздің елде сен мың жерден тума талант болсаң да елемейді. Кімнің ақшасы көп, соның сойылын соғады. Үлкен шоу концерттер өте аз ұйымдастырылады. Оған мәдениет пен өркениеттің құлағын ұстаған шенеуніктер қаржы салғысы келмейді. Бұрынғылар «Бұлақ көрсең көзін аш» деуші еді. Мына баланың бағы жанайын деп тұр екен, демеп жіберейік деген ныспы жоқ. Әншілердің барлығы той жағалап, жан бағу қамымен жүр. Мынадай жағдайда бізде жақын арада шоу-бизнес дамымайды. Бірақ бізде таланттар өте көп. Барлығы қолда бар да алтынның қадірі жоқтықтың құрбаны болып жүр. Осылай жалғаса берсе, ел дамуына үлес қосатын таланттардың барлығы жан-жаққа жосып кете барады. Менің жанымды жегідей жейтіні осы мәселе.
- Істі болғаннан кейін тыңдарман біраз уақыт өзіңізді сахнадан жоғалтып алды. Жеке кәсіппен айналысып, қарызымды өтеп аяққа тұрып алайын дедіңіз бе?
- Өткен мәселені қайта қаузағым келмейді. Бірақ сұрақтан жалтару әдепке жатпас. Шынымды айтсам, ешқандай кәсіппен айналыспадым. Депрессияда жүрдім. Сол себепті журналистердің де көзіне түскім келмеді. Тек спортпен айналысуды қолға алдым. Дене бітімімді қалыпқа келтірейін, денсаулығыма септігі тиер дедім. Бәріне уақыт емші ғой. Өз өзіме келген соң барып, жаңа қарқынмен, жаңа жоспармен өнер жолына қайта аяқ бастым.
- Бір кездері Қайратты қаралағандардың ішінде продюсер болуға ұсыныс тастап жатқандар бар болар. Қазір қай продюсермен жұмыс істеп жатырсыз?
- Ұсыныстар бар. Бірақ шетелге кетіп бара жатқаннан кейін әлбетте сол жақтың продюсерлерімен жұмыс жасауға тура келеді. Бұған дейін елдегі біраз продюсерлер мен қоян қолтық араласып, қызмет жасадым. Басыма күн туғанда теріс айналғандары да болды. «Бар болсаң көре алмайды, жоқ болсаң бере алмайды» деген аталы сөз бар ғой. Бар ынтам өзімнің аяқтан тұрып кететіндігімді тыңдарманға дәлелдеу болды. Тілегім орындалып, көптің демеуімен сахнаға қайта көтерілдім. Ендігі мақсатым осы биігімнен құламау.
- Біздің өнер сахнасында қалтаң қалың болмаса қарыштауың қиын. Қайраттың ән әлемінде қалықтауына қол ұшын беремін деп жатқан ағалары бар ма екен. Әлде ата-анаңыз бен етжақындарыңызға үміт артуға тура келіп отыр ма?
- Маған тілеулес болып тұрған әуелі Алла, одан кейін өзімнің атан-анам мен жақындарым.. Одан өзге қол ұшын берем деп ниет білдірген адамды көріп тұрғаным жоқ. Қазіргі адамдардың берген қолы алсам деп тұратын болды ғой. Егер сахнаға шығып атың асқақтап тұрса, бірдеңе беруі мүмкін. Өйткені қалайда бір қайтымы болатынын біледі. Ал әзірге өзің де жоқ болса бере алмайдының кебі болып тұр. Әйтсе де қиын қыстау кезде мәселемді шешіп берген бірді-екілі ағаларым болды. Атын айтпасам да сол кісілерге іштей ризашылығымды білдіремін.
- Осындай қара басын ойлап кеткен қоғамдағы қандай мәселе сізді алаңдатады?
- Мені алаңдататыны халықтың қымбатшылық қамытын киіп отырғаны. Отбасындағы табыстың жетіспеушілігі мен әлеуметтік теңсіздіктің салдарынан көптеген жас отбасылар ажырасып кетіп жатыр. «Ауруын жасырған өледі» деген. Жарамызды қанша жасырып бақсақ та, анығы сол- біздің елде кедейлер көп. Менделеевтің кестесіне енген бар байлықтың үстінде отырмыз. Бірақ, қайыршымыз. Көп балалы отбасылардың жай-күйін естігенде жаным ауырады. Қайсыбірін айтамыз. Жүректі сыздатып, жанды ауыртатын мұндай жағдайлар біздің елде жетіп артылады.
- Көптеген жас өнерпаз жігіттер саясатта сыналып көруге ұмтылады. Мәселен, «91» тобының мүшесі Дулат МҰХАМЕТҚАЛИ жуырда «Жас отан» орталық кеңесінің сайлауына қатысуға өзін ұсыныпты. Бүгінгі жағдайда өнердегі жастарға саясатпен айналысудың өзгеге де, өзіне де тиер септігі бар деп ойлайсыз ба?
- Бұл ақпарды естідім. Өнердегі жастардың саясатқа ерте араласқанын өз басым құптамаймын. Жастық шақта қызу жұмыс жасап, өзін жан-жақты дамытқан дұрыс па деймін. Менің ойымша қырықтың қырқасына шыққан соң барып, үлкен қызметке баруға болады. Себебі өзіңнің білген түйгенің қарай, айтарың да, атқарар іске ебің де болады.
Ал өзіңді танып білмей, өз жолыңды қалыптастырмай жатып өзгенің мәселесін шешу қиын. Әрине жастар жаңа заманның жаршысы деп жатады. Жас болса да саясатқа араласуға бейім адамдар болады. Ал, өнер адамына саясатпен айналысу оңай шаруа емес. Оданша уақытты оздырмай өнеріңді дамытқан дұрыс па деймін.
Фото әнші архивінен.