Конференцияға Қытай жазушылар одағы басқармасының хатшысы Чю Хуадұң және басқа да танымал жазушылар мен әдебиет сыншылары қатысты
CNR Бейжіңде Қытай жазушылар одағының ұйымдастыруымен қазақ жазушысы Еркеш ҚҰРМАНБЕКҚЫЗЫНЫҢ "Арғымақ асуы" атты романын талқылауға арналған конференция өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Аталған БАҚ-тың жазуынша, конференцияға Қытай жазушылар одағы басқармасының хатшысы ЧЮ Хуадұң және басқа да танымал жазушылар мен әдебиет сыншылары қатысып, "Арғымақ асуы" романы туралы пікірлерімен бөліскен. Сондай-ақ, Еркеш Құрманбекқызы БАҚ-қа берген сұхбатында "Арғымақ асуы" романы 6 жылдық еңбегінің жемісі екенін айтқан.
"Романға қазақ ұлтының ауыл өмірі, тіршілік дағдысы арқау болған. Туындының "Арғымақ асуы" деген атауының өзі сол ауылдағы жайлаудың атауы. Кітап қытай тілінде жазылған. Қазақша нұсқасы әлі шыққан жоқ", - дейді жазушы Еркеш Құрманбекқызы.
Еске сала кетейік, Еркеш Құрманбекқызы – ҚХР Жазушылар одағының мүшесі, жазушы, аудармашы. Ол ана тілінде де, қытай тілінде де еркін сөйлеп, жаза алатын жазушы. Қазақстандық қаламгерлерден Сайын МҰРАТБЕКОВ, Рахымжан ОТАРБАЕВ, Немат КЕЛІМБЕТОВТЕРДІҢ шығармаларын және Омарғазы АЙТАНҰЛЫ, Оразқан АХМЕТОВ, Жұмабай БІЛӘЛҰЛЫ секілді Қытайдағы қазақ жазушыларының романдарын қытай тілінде сөйлеткен білікті аудармашы. Еркеш Құрманбекқызының төл туындыларынан "Келмеске кеткен қаракер", "Таң атар, күн батар" повестер жинағы, "Ертіс сыңғыры" атты әңгімелер жинағы жарық көрген.
Фото: inform.kz.