Шаңырақ көтеру – жеңіл-желпі қабылданған шешім болмауы керек
Аудармашы-ғалым Камал Әлпейісова қоғамымызда үйленудің де, ажырасудың да көп екенін, дегенмен ажырасу туралы ресми статистикаға күмәнмен қарайтынын айтқан екен.
– Осыдан бірнеше жыл бұрын Үкімет беретін Арнаулы әлеуметтік көмекті алу үшін қағаз жүзінде ажырасқандар болды. Өзіміздің ер-азаматтарымыз осындай қадамға барды, бес-он тиын ақша үшін әкеліктен бас тартқан жағдайлар болды. Әрине, олар статистикада ажырасқандардың қатарында тұр. Екіншіден, елімізде жалғызбасты адамдарға баспанадан бастап, түрлі материалдық көмек көрсетіледі, соған қызыққандар да "ажырасып" жатыр. Үшіншіден, сүймей-білмей, алып қашып, көңілі жараспағандар ажырасады. Бұл жерде ер-азаматтарға құлаққағыс жасағым келеді, қызды қой сияқты машинаға салып әкететін жағдай тіпті ұят. Ел ішінде қауіпсіздік үшін жол жақтағы есігі ашылмайтын көліктерді "Қыз алып қашатын мәшине" деп қалжыңдап айтады екен. Мұндай айуандық салтпен бас құрағандардың бақытты болуы екіталай, – дейді жазушы.
Әлпейісова қызға қырық үйден тыйым салынып, ұл бала тәрбиесіне жете көңіл бөлінбейтінін баса айтты.
"Байқасаңыз, көптеген ата-ана қыздың тәрбиесіне жіті көңіл бөледі, бала күнінен қыздың мойнына көп жүк артады. Тіпті жастар отау құрған кезде де "келін сол елді бақытты етуге келеді" дегенді шығарып алыпты. Босағаны енді аттаған келінге соншалықты жүк артпас бұрын күйеудің парызы мен міндетін ойға алғаны жөн емес пе? Қызға қырық үйден тыйым болса, ұл тентек, дарақы, жуанжұдырық, зорлықшыл болмауы үшін қырық рудан тыйым болуы керек. Себебі шаңырақты көтеретін ер азамат, жауапкершілік ер азаматта, әйел мен бала – оған берілген аманат. Осыған мән берейік", дейді спикер.
Фото: К.Әлпейісованың жеке мұрағатынан.
ТАҚЫРЫПҚА ОЙ ҚОСЫП, ПІКІРІҢІЗБЕН БӨЛІСУ ҮШІН TELEGRAM КАНАЛЫМЫЗ БАР