Сондай-ақ, бұл күндері тұрмысы төмен елордалықтарға ет таратылды. Қайырымдылық шарасына 20 сиыр мен 500-ден астам қой сойылды
Үш күн Құрбан айтта елордадағы мыңнан астам аз қамтылған отбасы азық-түлік жиынтығы мен ет алды. Игі іске Астана қаласының әкімдігі және елорданың дін істері басқармасымен бірлесіп Qazaq Oil компаниясы бастамашы болды.
- Бұл бір реттік акция емес, міндетті түрде жалғасын табады. Астана қаласының әкімдігі бізге тұрмысы төмен отбасылардың тізі мен мекенжайларын ұсынды. Біз сол тізім бойынша азық-түлік жиынтықтарын жеткізіп бердік. Бұдан бөлек біз Қостанай және Абай облыстарындағы өрттен зардап шеккендерге көмек көрсеттік. Менің ойымша, кез-келген компания осындай іс-шараларды қолға алса, оны жан-тәнімен өткізуге тырысады. Бұл тұрғыда біздің компания әлеуметтік бағдарланған. Біздің қайырымдылық акциямыз басқа компанияларға үлгі болды деп үміттенеміз және жеке бизнесті мұқтаж жандарға көмектесуге шақырамыз, - деді QAZAQ Oil компаниясының PR-директоры Әсел ӘЛІМХАНОВА.
Қала бойынша халықтың әлеуметтік осал тобына жататын 180 мыңнан астам адам бар. Бұл көп балалы отбасылар, мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар, 1 және 2 топтағы мүгедектер, жетім балалар, зейнеткерлер, толық емес отбасылар және т.б. Бұл тізім тұрақты түрде жаңартылып отырады.
Астана қаласы Дін істері басқармасының басшысы Нұрдәулен ӘЛІМХАНОВТЫҢ айтуынша, әкімдік пен мүфтият қызметкерлері қала бойынша бес мал сою пунктін ұйымдастырды. Онда құрбандыққа шалынған мал еті бірден әр отбасыға бөлініп, қапшыққа салынды. Еріктілер осы жерден етті әкімдік көрсеткен мекенжайлар бойынша тұрғындардың үйлеріне жеткізіп берді. Құрбандыққа 20 сиыр мен 500-ден астам қой сойылды.
Сонымен қатар, биыл Qazaq Oil компаниясының арқасында еттен бөлек отбасыларға қосымша азық-түлік себеттері үлестірілді. Салмағы 40 келіден асатын бір қорапта жарма, ұн, қант, күнбағыс майы, кәмпит және т.б өнімдер болды.
- Бүгінгі таңда Qazaq Oil компаниясымен бірлесіп біз 2 мыңнан астам мұқтаж отбасыға қолдау көрсеттік. Бізге еріктілер мен әкімдік қызметкерлері көмектесті. Шара "Игі істер марафоны" акциясы аясында өткізілді. Бұл акция 2019 жылы басталды және сол уақыттан бастап Астана қаласы бойынша осындай отыздан астам қайырымдылық шарасын ұйымдастырдық. Жыл соңына дейін тағы осындай қайырымдылық акцияларын өткізуді жоспарлап отырмыз. Барлық меценаттар мен жомарт азаматтарды игі істі бірлесіп жасауға шақырамыз, - дейді Астана қаласы әкімінің кеңесшісі Қуаныш МОЛДАБЕК.
Qazaq Oil компаниясы науқанды наурыз айында, яғни "Әз-Наурыз мейрамын" тойлау күні бастады. Ол кезде мыңдаған мұқтаж отбасыға азық-түлік себеттері жеткізілген болатын. Әкімдік пен Qazaq Oil ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Оның шеңберінде жыл соңына дейін халықтың әлеуметтік осал топтары санатындағы 4 мың отбасыға көмек көрсету жоспарлануда.
ПОДПИСЫВАЙТЕСЬ НА НАШ КАНАЛ И ЧИТАЙТЕ НАС В TELEGRAM!
: