Португалияда мұғалімдер үкіметтің келесі жылғы бюджетіне наразылық танытып, Лиссабон қаласында шеруге шықты деп хабарлайды 24.kz. Елдегі барлық оқытушылар жаппай ереуіл жариялады. Олар биліктен бүгін парламент талқылайтын бюджет жобасына көңілі көншімейтінін айтып, еңбек жағдайын жақсартуды талап етіп отыр. Себебі құжатта үкімет қаржыны үнемдеу үшін мұғалімдердің еңбек өтілінің 10 жылын есептемей тастаған.
Ал ел премьер-министрі Антониу Кошта ұстаздардың жағдайын түсінетінін, алайда есеп-қисапқа бұл мерзімді енгізе алмайтынын айтады. Тығырықтан шығу үшін билік өкілдері наразылық шарасын ұйымдастырушылармен кездесті. Алайда қос тарап ортақ келісімге келе алмай, келіссөзді жалғастыра бермек. Хосе Моурисьо, шеруші: «Үкімет менің 10 жыл маңдай терімді төккен еңбек өтілімді есепке алмай отыр. Бірақ мемлекеттік қызметкерлердің жұмыс өтілі саналған. Биліктің неліктен мұндай қадамға барып отырғанын түсінсем бұйырмасын. Сондықтан шеруге шығып, наразылық білдіруден басқа амал қалмады», – дейді.