Жер шарына төніп тұрған басты қатерлері туралы 184 елдің 15 364 ғалымы қол қойған үндеу жария етілді. «Адамзатқа екінші ескерту» деп аталған үндеу BioScience журналына шыққан. Бұл туралы Baq.kz ақпарат агенттігі америкалық The Washington Post басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Планета экожүйесіне төніп тұрған ең басты қауіп деп ғалымдар жаһандық жылынуды атады. 1992 жылдан бері орташа жаһандық температуралар Цельсий бойынша 0,5 градусқа көтерілген, ал орташа бір жылда шығарылатын көмірқышқыл газының көлемі 62 пайызға өскен.
Дәл осы уақыт аралығында тұщы су жетіспеушілігі күшейді, орман-тоғайлар территориясы қысқарды және мұхиттарда «өлі аймақтар» (оларда оттек аз болады) аумағы кеңейді.
Сонымен қатар мамандар хлорфторкөмірқышқылдарынан біртіндеп бас тартудың жағымды әсері байқалғанын айтты. Мұның арқасында стратосферада озон тесігі кішірейген.
«Соңғы ширек ғасырда Жер шары тұрғындарының саны екі миллиард адамға өсті, ал өзге сүтқоректілер және бауырымен жорғалаушылар, қосмекенділер мен балықтардың популяциясы 30 пайызға азайды» дейді ғалымдар.
Олар адамның экожүйеге зиянын азайтуға мүмкіндік беретін 15 қадамды ұсынып отыр. Оның ішінде қорықтар ашу, тамақ қалдықтарын азайту және жасыл технологиялар енгізу сияқты шаралар бар.
Адамзатқа бірінші ескерту 1992 жылы шығып, оған 1,7 мың ғалым қойған болатын. Ол кезде де адам әрекетінен планета биосферасының бүлінуі басты қатер ретінде аталған болатын. Ғалымдар ширек ғасыр ішінде ахуал қиындай түскенін айтады.