Франция Қазақстанда Орталық Азия елдерінің қатысуымен дін мәселелері бойынша Халықаралық форум өткізуді ұсынды, деп хабарлады ҚР дін істері және азаматтық қоғам министрлігінің баспасөз қызметінен.
«ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрі Нұрлан Ермекбаев Француз Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Филипп Мартинэмен кездесті», - делінген ҚР үкіметінің сайтында жарияланған хабарда.
Хабарда атап өтілгендей, кездесу барысында Нұрлан Ермекбаев Қазақстанның Франциямен арадағы байланыстарға үлкен мән беретінін және түрлі саладағы өзара тиімді ынтымақтастықты жоғары бағалайтынын атады. Сондай-ақ, министр Франциядағы діни ахуал туралы білуге ынталы екенін білдірді.
Нұрлан Ермекбаев және Филипп Мартинэ Қазақстан мен Франция мүдделі мемлекеттік органдарының тәжірибе алмасу және діни тұрғыдағы экстремизм көріністеріне қарсы тұру, дерадикализация және дәстүрлі емес діни ағымдардың өкілдерін оңалтуда ықпалдастықтың тиімді механизмін әзірлеу қажеттігін атады.
Франция Елшісі Филипп Мартинэ өз кезегінде конфессияаралық келісімді сақтаудың қазақстандық үлгісін зерттеуге қызығушылық білдірді. Сонымен қатар, дипломат Қазақстанда Орталық Азия елдерінің қатысуымен дін мәселелері бойынша Халықаралық форум өткізуді ұсынды.
Кездесу қорытындысында тараптар діни саладағы ықпалдастық пен тәжірибе алмасу бойынша ынтымақтастықты жалғастыруға келісті.
Айта кетейік, биыл Қазақстан мен Франция дипломатиялық қатынастардың орнауының 25 жылдығын атап өтуде.