Қазақстандағы жаңа кадрлық тағайындаулар
Өткен апта ішінде елімізде түрлі салаларда бірқатар кадрлық ауыс-түйіс болды. «ҚазАқпарат» ХАА апта ішіндегі тағайындауларға шолу ұсынады.
Бұл апта С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университеті (ШҚМУ) мен М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің (СҚМУ) ректорларын тағайындаумен басталды.
29 қаңтар күні ҚР Білім және ғылым министрі Ерлан САҒАДИЕВТІҢ төрағалығымен құрамына танымал мемлекет және қоғам қайраткерлері кіретін комиссия ректор қызметіне үміткерлермен әңгімелесу өткізді. Республикалық конкурстық комиссияға өтінім білдірген 10 үмкіткердің бесеуі ұсынылды.
Әңгімелесу нәтижесі бойынша, ШҚМУ ректоры қызметіне Төлеген МҰХТАР Әділбекұлы және СҚМУ ректоры болып Өмірбаев Серік Мәуленұлы тағайындалды.
*** 30 қаңтар күні «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ басқарма төрағасы ауысты. Директорлар кеңесінің шешімімен бұл қызметке «Қазпошта» АҚ басқарушы директор қызметін атқарған Әсет ТҰРЫСОВ тағайындалды.
Әсет Тұрысов 1987 жылы 10 қарашада Мәскеуде туған. Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетін бітірген. 2017 жылы «Халық шаруашылығы» университетін «Экономика баклавры» мамандығы бойынша тәмамдаған. Еңбек жолын 2009 жылы «Қазақтелеком» АҚ бастаған. 2011-2014 жылдары ҚР Көлік және коммуникация министрлігінде, 2014-2018 жылдар аралығында «Қазпошта» АҚ басқарушы директор қызметін атқарған.
*** Сондай-ақ, 30 қаңтарда бұрынғы Ауыл шаруашылығы министрі Асылжан МАМЫТБЕКОВТЫҢ Қазақстанның ет одағының төрағасы болып тағайындалғаны хабарланды. Асылжан Мамытбеков министр лауазымында 2011 жылдың сәуірінен 2016 жылдың мамыры аралығында болды. 2017 жылғы желтоқсанның аяғында А. Мамытбеков «Астана Банкі» АҚ директорлар кеңесінен кеткендігі хабарланған еді.
*** Бұл күні Ақтөбе әкімдігінде де ауыс-түйіс болды. Онда облыс әкімінің аппарат жетекшісі болған Алтынбек ӘМІРҒАЛИЕВ Ақтөбе облысы Кәсіподақтар орталығының басшысы болып тағайындалды.
Алтынбек Әмірғалиев Ақтөбе облысының Қобда ауданында туған. Батыс Қазақстан ауылшаруашылық институты мен Алматы экономика және статистика институтын бітірді. Еңбек жолын 1992 жылы Ақтөбе облысының Қобда аудандық қаржы бөлімінің ауыл шаруашылығын қаржыландыру жөніндегі аға маман болып бастады. Әр жылдарда Қобда аудандық халықты әлеуметтік қорғау бөлімінің меңгерушісі, Қобда ауданы әкімінің орынбасары, Мәртөк ауданының әкімі, Ойыл ауданының әкімі, Ақтөбе облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы бастығының орынбасары, басшысы болып қызмет атқарды. 2016 жылдың 11 маусым айынан бастап Ақтөбе облысы әкімінің аппаратын басқарды.
*** 31 қаңтар күні Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің бұйрығымен Еркін ТҰҚЫМОВ Қазақстанның Қазан қаласындағы (Ресей) Бас консулы болып тағайындалды. Еркін Валитханұлы Тұқымов 1973 жылы Өзбекстанның Термез қаласында дүниеге келген. 1991-1997 жылдары - Варшава университетінің халықаралық қатынастар институтында (Польша Республикасы) оқыған. Халықаралық қатынастар магистрі (үздік диплом). 2015-2016 жылдары - Гарвард университетінде, Дж.Кеннеди атындағы мемлекеттік басқару мектебінде (АҚШ) оқыған. Мемлекеттік басқару магистрі. Саяси ғылымдар кандидаты. ҚР СІМ ІІ сыныптағы кеңесші дипломатиялық дәрежесіне ие. Поляк және ағылшын тілдерін меңгерген. Соңғы 8 жыл бойы Е.Тұқымов Қазақстанның Қауіпсіздік кеңесі Талдау бөлімінің меңгерушісі лауазымын атқарды. Оған дейін ол ҚР СІМ Орталық Азия департаментінің директоры, сондай-ақ ҚР Президентінің жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтында жұмыс істеген.
*** Сонымен бірге, сәрсенбіде ҚР Үкіметінің Қаулысымен Арыстан ҚАБЫКЕНОВ ҚР Инвестициялар және даму вице-министрі қызметіне тағайындалды. Арыстан Кенжетайұлы Қабыкенов 1980 жылы Жезқазған қаласында дүниеге келген. 2002-2006 жылдары Байқоңыров атындағы Жезқазған университетін, 2004 жылы - КИМЭП, 2012 жылы - Ноттингем университетін (Ұлыбритания) тәмамдаған. Еңбек жолын 2001 жылы бастаған. 2001-2004 жылдары «ТАТ-2001» ЖШС қаржы директоры қызметін атқарған. Әр жылдары Қаржы министрлігінде, ҚР Премьер-Министрі Кеңсесінде, ҚР Президенті Әкімшілігінде жұмыс істеген. 2016 жылдың қазанынан осы уақытқа дейін Қазақстан Республикасының Жапониядағы Елшілігінің кеңесшісі қызметін атқарған.
*** 31 қаңтарда ҚР Үкіметінің Қаулысымен ҚР Инвестициялар және даму министрлігі Инвестициялар комитетінің төрағасы болып Ерлан ҚАЙЫРОВ тағайындалды. Ерлан Қартайұлы Қайыров 1978 жылы Қарағанды қаласында дүниеге келген. 1999 жылы Е. А. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін тәмамдаған.
Мамандығы - халықаралық экономикалық қатынастар. Еңбек жолын 1997 жылы бастаған. 1997-2002 жылдары мемлекеттік органдарда түрлі лауазымдарды атқарды. 2002-2006 жылдары ҚР Премьер-Министрі Кеңсесінің Сыртқы байланыстар бөлімі меңгерушісінің орынбасары, ҚР Президенті Әкімшілігінің мемлекеттік бақылау және ұйымдастыру жұмысы бөлімінің бас инспекторы қызметтерін атқарды. 2006-2011 жылдары ұлттық компанияларда түрлі лауазымдарда болды. 2011-2014 жылдары Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінде басқарушылық қызметтерді атқарды. 2014-2016 жылдары Инвестициялар және даму министрлігінің Инвестициялар комитетінің төрағасы болды. 2016 жылдың мамыр айынан қазіргі таңға дейін Инвестициялар және даму вице-министрі лауазымында болды.
*** 1 ақпан күні Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Нұр Отан» партиясының орталық аппаратына барды және партия Төрағасының жаңа бірінші орынбасары Мәулен ӘШІМБАЕВТЫ таныстырды. Мәулен Сағатханұлы Әшімбаев 1971 жылы Алматыда туған. Әл-Фараби атындағы Қазақ Мемлекеттік Ұлттық университетін бітірген. Саяси ғылымдарының кандидаты. 2016 жылы Тафтс университетінің (Tufts University) жанындағы Флетчер атындағы құқық және дипломатия мектебін (The Fletcher School of Law and Diplomacy) бітіріп, халықаралық қатынастар магистрі дәрежесін алған. Еңбек жолын Баспасөз және бұқаралық ақпарат министрлігінде бастаған. 1994-1995 жылдары - ҚР Жоғарғы Кеңес депутатының көмекшісі.1995 жылғы маусым - қараша аралығында - Қауіпсіздік кеңесі аппаратының консультанты.
1995-1999 жылдары ҚР Президенті Әкімшілігі Сараптау және стратегиялық зерттеулер орталығының бас сарапшысы, сектор меңгерушісі, осы орталық жетекшісінің бірінші орынбасары.1999-2002 жылдары - Қауіпсіздік кеңесі Сараптау орталығының меңгерушісі. 2002-2005 жылдары - ҚР Президенті жанындағы Стратегиялық зерттеулер институтының директоры. 2005-2006 жылдары - ҚР Қауіпсіздік кеңесі хатшысының орынбасары.2006-2011 жылдары - ҚР Президенті Әкімшілігі Басшысының орынбасары. 2012 жылғы ақпан - 2016 жылғы қаңтар аралығында - V сайланымдағы ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы. 2016 жылғы 25 наурыздан бастап VІ сайланымдағы ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы қызметін атқарған.
*** Бұған дейін «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары болған Мемлекет басшысының Жарлығымен Мұхтар Абрарұлы ҚҰЛ-МҰХАММЕД Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты болып тағайындалды. Мұхтар Абрарұлы Құл-Мұхаммед 12 желтоқсан 1960 жылы ҚХР, Шәуешек қаласында туған. 1982 жылы Қазақ мемлекеттік университетін (қазіргі ҚазҰУ) бітірген. 1982-1992 жылдары «Қазақ энциклопедиясы» Бас редакциясының ғылыми редактор, аға ғылыми редакторы, философия, құқық және социология редакциясының меңгерушісі, жауапты хатшы бас редактордың орынбасары болған.1992-1999 жылдары - «Атамұра» корпорациясының президенті.
1999-2001 жж. - ҚР Парламенті Сенатының депутаты, Сенаттың Заң шығарушылық және сот-құқықтық реформалар жөніндегі комитет хатшысы, Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрағасы. 2001-2003 жж. - ҚР Мәдениет, ақпарат және қоғамдық келісім министрі. 2003-2006 жж. - ҚР Президентінің кеңесшісі, Баспасөз хатшысы.2006-2007 жж. - ҚР Президенті Әкімшілігі Басшысының орынбасары, Президенттің Баспасөз хатшысы. 2007-2008 жж. - Қызылорда облысының әкімі. 2008-2010 жж. - ҚР Мәдениет және ақпарат министрі. 2010-2012 жж. - ҚР Мәдениет министрі. 2012-2013 жж. - ҚР Мемлекеттік хатшысы. 2013-2014 жж. - ҚР Мәдениет және ақпарат министрі. 2014 жылы 13 наурызда Қазақстан Республикасының Президентінің кеңесшісі болып тағайындалды. 2016 жылғы мамырдан 2018 жылдың ақпан айына дейін «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары болып қызмет атқарды.
*** 2 ақпан күні «Бәйтерек» Ұлттық басқарушы холдингі» АҚ басқармасының шешімімен Нұржан НҰРЛАНОВ «Бәйтерек» холдингінің басқарушы директоры болып тағайындалды. Нұржан Нұрланұлы Нұрланов Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университетінде мұнай-газ ісі мамандығы бойынша, Ұлыбританиядағы American InterContinental University-де - бизнес-әкімшілендіру, Уэльс университетінде - маркетинг мамандығы бойынша білім алған, экономика ғылымдарының кандидаты.
«KAZNEX INVEST» Экспорт және инвестициялар жөніндегі ұлттық агенттігі» АҚ-да менеджер, Инвестициялық ынтымақтастық департаментінің директоры, Өңірлік ынтымақтастық қызметінің басқарушы директоры болып қызмет еткен. ҚР Премьер Министрінің Канцеляриясында жергілікті даму бөлімінің эксперті (2012-2013), «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ финанс жөніндегі басқарушы директоры (2013-2014), «ҚазТрансГаз» АҚ газ маркетингі жөніндегі басқарушы директоры (2014-2015), «ҚазТрансГаз» АҚ маркетинг және коммерция жөніндегі басқарушы директоры (2015-2016), «ҚазТрансГаз» АҚ Бас директордың техникалық саясат жөніндегі орынбасары (2016-2018) лауазымдарын атқарған.
*** Сондай-ақ, кеше ҚР Грек-рим, еркін және әйелдер күресі федерациясының президенті Сауат Мыңбаевтың жарлығымен Олимпиада ойындарының күміс және қола жүлдегері, әлем чемпионатының күміс медаль иегері, Азия ойындарының жеңімпазы, Азия чемпионатының төрт дүркін чемпионы Гюзель МАНЮРОВА әйелдер күресі бойынша вице-президент болып тағайындалды. Гюзель Манюрованың әлемдік күресте алар орыны ерекше. 2012 жылы Лондон Олимпиадасында қола жүлдеге ие болған Манюрова Азия чемпионатында төрт мәрте топ жарып, Азия ойындарының екі дүркін жүлдегері атанды. Осыдан екі жыл бұрын Рио Олимпиадасында күміс медаль жеңіп алды. Қазақстанның әйелдер күресінен бас бапкері қызметін атқарды.
*** 2 ақпан күні Оңтүстік Қазақстан облысының әкімдігінде 23 басқарманың кейбірінен бірқатар міндеттер алынып, төрт басқарманың атауы өзгертілді.
Сондай-ақ жаңадан тағы бір басқарма құрылды. Өңір басшысы Жансейіт Түймебаевтың өкімімен жаңадан құрылған және атаулары өзгерген басқармалардың басшылары тағайындалды. Кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының басшысы болып Батырхан ҚҰРМАНСЕЙІТ, Ақпараттандыру, мемлекеттік қызметтер көрсету және архивтер басқармасы басшысы лауазымына Бастар Есқараев тағайындалды. Отбасы, балалар және жастар істері жөніндегі басқарма басшысы қызметін Балмаржан Нарбекова атқаратын болды.
Ал Мәдениет және тілдерді дамыту басқармасы басшысы міндетін уақытша атқару Асылхан ТЕМІРХАНҒА тапсырылды. «Ontustik Tourism Center» туризм орталығының директоры Олжас ШИНТАЕВ аталған қызметінен босатыла отырып, Туризм және сыртқы байланыстар басқармасы басшысының міндетін уақытша атқарушы болып тағайындалды.
Фото: vkgu.kz.