Қазақстан Республикасы Ұлттық Олимпиадалық комитеті мен «Хабар» агенттігімен бірлесіп «Жылдың Ұлттық спорттық жүлдесі» байқауын өткізуде. Үміткерлер дауыс беру нәтижесінде анықталатын болады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. Ұлттық байқаудың үміткерлері арасында қазақстандық спортшы, дзюдошы Отгонцэцэг Галбадрах 5708 дауыс жинап көш бастап келеді. Ал «Қысқы спорт түрлері бойынша үздік спортшы» байқауында әзірге ең көп ұпайды Фристайл-акробатикадан Жанбота Алдабергенова иеленуде. Ол әзірге 3173 дауыс жинаған. «Үздік жас спортшы» атағына үміткерлер арасында мәнерлеп сырғанаушы Элизабет Тұрсынбаева 2681 дауыспен алда келе жатыр. Сонымен қатар «Жазғы спорт түрлері бойынша үздік жаттықтырушы» атағына үміткерлер арасында бокстан Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Мырзағали Айтжанов 595 дауыспен бірінші орында тұр. «Қысқы спорт түрлері бойынша үздік жаттықтырушы» атағына үміткерлерден шорт-трек құрамасының бас жаттықтырушысы Мадығали Қарсыбеков 1158 дауыспен қарсыластарынан оқ бойы озық тұр. «Олимпиадалық спорт түрлері бойынша үздік федерация» номинациясы бойынша Қазақстан бокс федерациясы 1541 дауыспен бірінші орында келе жатса, «Үздік спорттық өңірлер» (республикалық маңызы бар қалалар, облыстардың дене шынықтыру және спорт басқармалары) арасында Алматы қаласы дене шынықтыру және спорт басқармасы 9364 дауыс жинап өзге өңірлерден озып тұр. Ал «Жыл жаңалығы» байқауы бойынша жеңіл атлет Мария Овчинникова 591 даус жинап бірінші орында келеді. Ал соңғы «Жылдың үздік командасы» номинациясы бойынша «Астана футбол клубы» 1046 дауыспен көш бастап келеді. Спортшыларға дауыс беру қараша айының соңына дейін жалғасады. Өз жанкүйеріңізге olympic.kz/kk/awards сілтемесіне өту арқылы дауыс бере аласыз.