Қызылордада «Байқоңыр-инвест» форумы аясында күріш өңдеу зауытының ашылуы өтті, деп хабарлады облыс әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме берген ҚазТАГ.
«Соңғы жылдары облыс күрішшілері мол өнім алуда. Атап айтқанда, үстіміздегі жылы аймақ тарихында бұрын-соңды болмаған 500 мың тоннадан астам күріш жиналды. (...) Осы саланың мүмкіндіктерін ескере келе «Абай Даулет» ЖШС Қызылордада күріш өңдейтін зауыт салды», - делінген әкімдік сайтындағы хабарламада.
Толықтырып кеткендей, кәсіпорында 80 адам жұмысқа орналасқан, алдағы уақытта жұмысшылардың санын 100-ге дейін жеткізу жоспарлануда. «Абай Даулет» ЖШС басшысы Даулет Сарсенбаевтың айтуынша, зауытта сағатына 7 тонна астық қайта өңделеді. Кәсіпорында қалдықсыз өндіріс қолданылады.
«Қазіргі таңда қызылордалық күріш өсірушілер өз өнімдерін әлемдік нарыққа шығаруға жұмыс істеуде. Сонымен қатар, биыл облыста ирандық күріштің «Торем Хошеми» сорты егілді. Форум аясында Қызылорда күрішінің сортын Иран Ислам Республикасына жеткізу туралы меморандумға қол қойылды», - деп аталып өткен хабарламада.