Қытайлық компания Ақмола облысына инвестиция салуға мүдделі. Бұл туралы аймақ басшысы Мəлік Мырзалиннің өңірдің инвестициялық əлеуетімен танысуға келген ҚХР делегациясын қабылдауында айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі әкімдіктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. Кездесуде аймақ басшысы Мәлік Мырзалин аталмыш кездесу осыған дейін Ақмола облысы делегациясының Қытай еліне барған сапарының нәтижелі жалғасы екенін атап өтті. Cондай-ақ, қытайлық компания өкілдеріне облыстың екіжақты әріптестік орнатуға қызығушылық танытқан инвесторлар үшін ашық екеніне тоқтала келе, жаңа өндіріс орындары ашылып, өнеркәсіп саласы қарқынды дамып, халық саны артып келе жатқан облыстың инвестициялық мүмкіндіктерін айтты. Еске сала кетейік, өткен жылдың қараша айында Ақмола облысының делегациясы жұмыс сапарымен Қытай еліне барған болатын. Онда Ақмола облысына инвестиция тарту мүмкіндіктері талқыланды. Нақтырақ алатын болсақ, Көкшетау қаласында жылу-энергия орталығы мен облыс аумағында қолжетімді тұрғын үй салу мəселелері сөз болған еді. Бұл жолы әкімдікте өткен кездесуде Qiwei (Чивей) компаниясы басқармасының басшысы Лю Дзяньджуа «ЖЭО құрылысымен», «Қолжетімді тұрғын үй» жобаларымен жақын танысатынын атап өтті. Оған қоса, қытайлық инвесторлар алдағы екі күн бойы аталмыш жобаларды зерттеп, нақты бір шешімге келетінін де айтты.