Түркістанда «Ұлттық валюта күні» қарсаңында «Тәуелсіздік нышаны - төл теңге» атты көрменің ашылу салтанаты өтті. Қожа Ахмет Ясауи кесенесінде ұйымдастырылған көрмеге Отырар қорық-музейі мен Нәзір Төреқұлов музейі тарихи-мәдени этнографиялық орталығының қызметкерлері, қалалық ардагерлер кеңесі мен қазақ тілі қоғамының мүшелері, сондай-ақ мектеп оқушылары мен ұстаздар, қала тұрғындары мен қонақтары қатысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің бастамасымен өткен шара Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы аясында ұйымдастырылды. «Тәуелсіздік нышаны - төл теңге» көрмесі қазақ жерінде соғылып, айналымда жүрген ақша түрлері жəне 1993 жылы айналымға жіберілген теңге банкноттары мен монеталардың үлгілері, теңгенің эволюциялық даму барысындағы үлгілері мен Қазақстан Ұлттық банкінің коллекциялық теңгелері сынды бес бөлімнен тұрады.