Токио астаналық орталық кітапханасында Қазақстан әдебиеті және мәдениеті орталығы ашылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеп. Астана қаласындағы Қазақстан Республикасы Ұлттық академиялық кітапханасы 2016 жылдан бастап шетелдердің Ұлттық кітапханаларында Қазақстан әдебиеті мен мәдениеті орталығын ашу халықаралық жобасын іске асыруда. Қазіргі кезде әлемнің 11 елінде: Корея, Қырғыстан Республикасы, Финляндия, Венгрия, Малайзия, Түркия, Қытай Халық Республикасы, Грузия, Францияда Орталықтар ашылып қызмет етіп жатыр. Іс-шараға Қазақстан Республикасының Жапониядағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Ерлан Баударбек-Қожатаев, Токио астаналық орталық кітапханасы директоры, Астана қаласындағы Ұлттық академиялық кітапханасының басшысы Үмітхан Мұңалбаева, ғалым, философия ғылымдарының докторы, академик Ғарифолла Есім, ақын, «Жұлдыз» әдеби-көркем журналының бас редакторы Ұлықбек Есдәулет, жазушы, филология ғылымдарының докторы Тұрсын Жұртбай, ақын, филология ғылымдарының кандидаты, Еуразия Ұлттық университетінің доценті Оңайгүл Тұржан, Жапониядағы шығармашылық зиялы қауым, Токиодағы қазақ диаспорасының өкілдері, студенттер мен мектеп оқушылары қатысты.
Қазақстан әдебиеті орталығының ашылуы Токио астаналық орталық кітапханасы оқырмандарына қазақ халқының салт-дәстүрі, мәдениеті, өнерімен жақын танысуға мүмкіндік береді. Бұл Тәуелсіз Қазақстанның жетістіктері мен оның экономика, саясат, әлеуметтік салалардағы табыстарын көпшілікке таныстыруға жол ашады.