Солтүстік Қазақстан облысының Қызылжар ауданындағы Вишневка ауылының тұрғыны өзінің азаматтық некедегі әйеліне пышақ салып, үйіне өрт қойды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі СҚО ІІД баспасөз қызметіне сілтеме жасап. Өткен демалыс күндері Қызылжар ауданының тәртіп сақшылары 43 жастағы әйел адамның пышақталу фактісі бойынша оқиға орнына жеткенде, азаматтық некеде тұрып жатқан ерлі-зайыптылардың үйлері өрттеніп жатқан. «Полицейлер Данияр Әубәкіров пен Сырымбет Жанпейісов үйге кірмекші болған кезде есіктің ішітен ілінгенін байқайды. Олар аузы-мұрындарын мойын орағыштарымен тұмшалап, үйге терезені бұзып кіреді. Қою түтінге қарамастан тәртіп сақшылары жерде ес-түссіз жатқан азаматты далаға алып шықты»,-деп хабарлайды ведомствоның баспасөз қызметі.
Азаматтық некедегі әйелін ауыр жаралаған азаматтың үстінен қылмыстық іс қозғалып, ҚР ҚК 106 бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу жұмыстары басталды. Қыс ортасында баспанасыз қалған әйел мен оның балаларына қазір жергілікті тұрғындар көмектесіп жатыр екен. Әлеуметтік желі қолданушылары жерлестеріне жылу жинау үстінде.