Шымкентте автобус өртеніп кетті. Бүгін сағат он жарымдар шамасында қоғамдық көліктің жанып жатқанын тәртіп сақшылары бейнебақылау камерасынан байқап қалған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. Оқиға орнына алдымен жол патрульдік полиция қызметкерлері жеткен. Дереу автобустың жанындағы жолды қоршап, өрт сөндірушілерді шақыртыпты. Белгілі болғандай «ДонФен» маркалы автобустың ішкі салоны мен мотор бөлігі жанған. Жалынды ауыздықтауға өрт сөндіру және авариялық-құтқару қызметінің 16 маманы және 3 техникасы жұмылдырылып, жалынды дер кезінде сөндіріп алды. Тілсіз жау сағат 10.50-де ауыздықталып, сағат 10.56-да толық өшірілді. Өрттен ешкім зардап шекпеген. Автобустың 17,5 шаршы метр жерін от шарпыды.