Елордада 36 келіден астам есірткі затын тасымалдаған әйелге сот үкімі шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат Астана қаласы сотының баспасөз қызметіне сілтеме жасап. Іс материалдарына сәйкес, азаматша А. өзге адаммен алдын ала келісе отырып, Шу қаласынан Астанаға жолаушылар пойызымен екі жол сөмкесімен есірткі заты - гашишті тасымалдаған. Оның жалпы салмағы - 36 келі 188 грамм болған. «Астана қаласына келісімен теміржол вокзалында оны азамат М. күтіп алып, ымдау арқылы соңынан еруге бұйырған. Одан әрі азаматша А. азамат М.-нің артынан еріп, үйлердің бірінің ауласына келеді. Ол жерде есірткі заттары бар екі сөмке азамат Б.-ның көлігіне тиелген. Сөмкелерде не барынан хабарсыз көлік жүргізушісі оларды алып үйіне аттанады. Сол жерден Астана қаласы бойынша ҰҚКД қызметкерлері ірі көлемдегі есірткі заттары орналасқан екі сөмкені тауып, тәркіледі», - делінген соттың хабарламасында. Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты әйелді ҚР ҚК-інің 297-бабы 3-бөлігі, 1,3-тармағы бойынша кінәлі деп танып, оған 10 жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Үкім заңды күшіне енді.