Петропавлда жаңа жылдық безендіруге бюджеттен қаржы бөлінбейді, деп мәлімдеді Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Құмар Ақсақаловтың сөзіне сілтеме берген ҚазТАГ.
«Жыл сайын Петропавлда жаңа жылдық безендіруге қаржы бөлініп келді, мен мұндай тәжірибені тоқтату керек деп ойлаймын. Безендіруге бюджеттен қаржы бөлінбейді», - деді ол дүйсенбіде әкімдік отырысында.
Сондай-ақ, оның айтуынша, сатып алынатын шыршалар санын да әкімдік көбейтпейді.
«Қолда барымен өткіземіз- жасанды шыршалар, иллюминациялар, гирлянда және т.б. Мұз айдындарын демеушілер есебінен жасау керек. Алаңда жақсы, әдемі мұз айдынын жасаңыздар», - деді Қ. Ақсақалов.
Әкімнің пікірінше, «үнемделген қаржыны қаланы абаттандыруға жұмсау керек».