ҚР мемлекеттік кіріс комитеті Парижде үкімет өкілінің 65 млн еуроға сатып алған пәтері туралы ақпаратты тексеріп жатыр, деп хабарлады агенттік тілшісі.
«Мен білемін, әрине. Баспасөз қызметі бар. Мен өзім де оқып отырмын. Бізде енді әр орган, мен өз сөзімде айттым, өз ісімен айналысуы керек. Әркімнің міндеті нақты көрсетілген. Маған бүгінде бұл ақпараттың барлығын мемлекеттік кіріс комитеті тексеріп жатыр деп хабарлады. Сол тексеріс материалын көргеннен кейін менің ұстанымым қалыптасады», – деді сәрсенбіде бас прокурор Жақып Асанов мәжілістегі кулуарда.
Бұған дейін хабарланғандай, жақын күндері Қазақстан үкіметінің ресми өкілі Парижде 65 млн еуроға ($75,8 млн - қазТАГ) қауіпсіздігі жоғары пәтер сатып алғаны белгілі болды. Mansion Global элиталы жылжымайтын мүлік халықаралық агенттігінің ақпарынша, бұл 2017 жылы Парижде жасалған ең ірі мәміле.