Қостанай облыстық Төтенше жағдайлар департаменті Қобыланды батыр көшесіндегі тұрғын үй өртінің шығу себебін атады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. Еске салсақ, оқиға 5 қараша күні болды. Түн жарымда 64 адам қауіпсіз жерге шығарылды. Өрт шыққан пәтерден 1960 жылы туған әйелдің мәйіті табылды. «Әйел адам бұрыннан өз өміріне селқос қараған. Ішімдікке үнемі әуес болған. Мұны көршілері растап отыр. Оның пәтері электр жарығынан ағытылған. Сол себепті, түнде үйдің ішіне қоқыс жағып келген. Тұрғын үй өртінің шығу себебі осы болуы мүмкін. Бұған дейін де біздің қызметкерлер әйелдің пәтеріне бірнеше рет барып, өрт қауіпсіздігі туралы түсіндірме жұмыстарын жүргізген», - деді облыстық ТЖД бастығының орынбасары Азамат Орынбаев. Өрт сөндірушілердің айтуынша, облыстағы тұрғын үй өрті көп жағдайда балаларды қараусыз қалдыру және мас күйде темекі шегу салдарынан туындап отыр. ТЖД қызметкерлері қазірге дейін қаладағы 2657 ауланы аралап, тұрғындарды өрт қауіпсіздігін сақтауға шақыруда. Жылыту маусымы басталғалы бері өңір бойынша 37 тұрғын үй өрті болып, 3 адам көз жұмды.