Атырауда 39 оқушы қыз орамал тағып, хиджаб кигені үшін сабаққа қатыспай жүр деп хабарлайды "Мой ГОРОД" порталы. Бұл оқушылардың ата-аналары қыздарының орамалы мен хиджабын шешуден түбегейлі бас тартқан.
Қалалық білім бөлімінің басшысы Светлана АМАНШИЕВАНЫҢ айтуынша, Атырауда түрлі діни ағым өкілдері ретінде 307 оқушының ата-анасы тіркеуде тұр. Олардың ішінде 156 оқушы қыз орамал тағып, хиджаб киеді.
«Осындай ата-аналарға байланысты Білім саласын бақылау департаментінің араласуымен бүгінде бес оқушы қызға қатысты әкімшілік хаттама толтырылды. Осы іс-шаралардан кейін 5 қыз мектепке орамалсыз келіп жүр. Ал 39 қыздың ата-анасы қыздарының орамалын шешуге түбегейлі қарсылық танытты, соның салдарынан ол қыздар сабаққа қатыспай жүр», – дейді қалалық білім бөлімі басшысы.
Естеріңізге сала кетейік, мектеп жарғысын сақтамаған ата-аналар ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық заңының 409 бабына сәйкес әкімшілік жазаға тартылып, 10 АЕК көлемінде айыппұл төлейді.