Талдықорған мектептерінің бірінде бастауыш сыныпқа сабақ беретін Гүлмира Нұғыманова Қазақстан намысын қорғау үшін Бахрейнде ММА спорт түрінен өтетін әлем чемпионатына аттанып барады, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі ҚР ММА федерациясының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Төбелес өнеріне деген сүйіспеншілік Гүлмирада бала кезінен пайда болыпты. Бойжеткеннен кейін ол джиу-джитсумен шұғылданып, ұлттық спорт түрлерінің қатарындағы жекпе-жектен де шыңдала бастаған. Тіпті панкратионнан әлем чемпионатының қола жүлдегері атанған кезі де болған. Осы уақытқа дейін Гүлмира UFC жұлдыздарының жеңісі мен жеңілісін бақылай отырып, бір күні ММА-ға ауысуға бел шешіпті.
Қазақстандағы ММА ережесіне сәйкес, қыздардың бұл спорт түрімен айналысуына тек биылғы жылы ғана рұқсат етілген. Гүлмира өзінің бапкері, Алматы облысының ММА бойынша аға жаттықтырушысы Нұрлан Аманқұловтың арқасында өзін көрсетіп, әлем чемпионатында Қазақстанның атынан өнер көрсетуге лайықты екенін дәлелдеген. Ендігі кезекте Гүлмира Қазақстан ұлттық құрамасының спортшыларымен бірге 12-19 қараша аралығында Бахрейн астанасы Манама қаласында өтетін әлем чемпионатына аттанғалы жатыр.