Оңтүстік Кореяда жалданып жұмыс істейтін шымкенттік жігіт зорлық қылмысын жасаған деп айыпталуда деп хабарлайды ҚазАқпарат. 23 жастағы Аманат ЖҰМАШТЫҢ ата-анасы бұл кінәнің жала екенін айтып, биліктен көмек сұрап отыр. Шетелде нәпақа тауып жүрген Қазақстандық жігіт қазір қамауда. Оның әкесі Қайсар ШЕРІМНІҢ сөзіне қарағанда, ұлы осы жылдың ақпан айында Кореяға жұмысқа кеткен. Себебі анасы обыр дертіне шалдыққан соң, оның еміне көп қаражат керек болыпты. Бірақ Аманат шетелде жүріп келеңсіз жағдайға тап болған.
«Оңтүстік Корея елінің азаматшасы ұлым Аманаттың үстінен зорлады деп полицияға арызданған. Мен баламның бұл қылмысты жасамағанына толық сенімдімін. Өйткені ол мұндай қылмысқа бармайды. Оның жазықсыз қамалғанын жанындағы жолдастары да айтып отыр. Бірақ айтайын десе, кәріс тілін білмейді. Болмаған соң елшілікке де хат жазып, көмек сұрадық. Ол жақтағылар заңсыз жұмысқа барғандарға көмектесе алмаймыз, тек бақылауда ұстаймыз деп қысқа жауап берді», - дейді Қайсар Шерім.
Белгілі болғанындай, Аманаттың өзі де, жанындағы жолдастары да Кореяға жұмысқа заңсыз түрде барған. Сол себепті достары Аманатқа қатысты іске куәгер де бола алмайды.
Қайсар Шерімнің айтуынша, сот бір айдан астам уақыттан кейін болады. Егер Аманатты осы қылмыс бойынша айыпты деп тапса, 5 жылдан 20 жылға дейін бас бостандығынан айыруы мүмкін.