I love Astana жазуының жанында суға түсетін жасыл түсті киім киген еркектердің суреті әлеуметтік желіде тарап кетті.
Чехия азаматтары "Борат" фильміндегі бас кейіпкердің киімін киіп алып, Астанада бейәдеп суреттерге түсті деп хабарлайды sputnik.kz. Бұл ақпаратты қалалық ішкі істер департаменті растаған.
"10 қарашада Астана полициясы Чех Республикасы азаматтарына қатысты "ұсақ бұзақылық" бабы бойынша әкімшілік хаттама толтырды, олар қоғамдық орында жартылай жалаңаш күйінде ұсталды", — деп мәлімет берді елорда ІІД.
Алты шетелдік күзгі салқын ауа райына қарамастан, суға түсетін жасыл түсті киімді киіп алып, I love Astana жазуының қасында суретке түсуді жөн көріпті.
Істің материалдары әрі қарай шешім шығару үшін Астана қаласы мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотына жіберілді.