Ұлттық экономиканың экс-министрі Қуандық БИШІМБАЕВТЫҢ әйелі Назым БИШІМБАЕВА бүгінгі сот отырысында күйеуін жақтап сөз сөйледі, деп жазады ҚазТАГ. Ол журналистердің осыған дейін Қуандық туралы жазғандарын сот ісіне тіркеуді сұрады.
«Әртүрлі мерзімдерде бұған дейін бірнеше ақпараттық порталдарда Қызылорда облысындағы шыны зауыты туралы тілшілердің зерттеу мақалалары жарияланды. Шыны зауытын негізгі нысан ретінде ала отырып жасалған осы ақпараттарда, фотолар мен бейнежазбаларда зауыт құрылысы барысында ешқандай заңбұзушылық болмағаны анық көрсетіледі. Зауыттың, тіпті бас директор мен ЖШС-ні қамаққа алу туралы шешім шыққан соң да құрылысы тоқтамаған», – деді осы сот процесінде күйеуінің қоғамдық қорғаушысы ретінде бекітілген Назым.
ҚР Қылмыстық кодексінің 120 бап, 1 тармағына сәйкес журналистік зерттеу жұмысы ресми құжат саналуға тиіс екенін алға тартқан Бишімбаева: «Осыған байланысты сот-тергеу жұмыстарының заңды бағасын шығару үшін, шыны зауыты туралы ақпараттық порталдарда жарияланған материалдарды, дыбыс, бейне жазбалар мен фотоларды сот ісіне тіркеуді сұраймын», – деп мәлімдеді.
Естеріңізге сала кетейік, бюджеттен 1,2 млрд теңге жымқырды деген айыппен бұрынғы Ұлттық экономика министрі Қ.Бишімбаевқа қатысты сот процесі 7 қараша күні басталған болатын.