Қазақстанның кәсіпқой футбол лигасы 2017 жылдың үш үздік футболсүйер әкімдерінің атын атады, деп хабарлайды Қазақпарат ҚФФ-ның баспасөз қызметіне сілтеме жасап. Атырау қаласының футбол клубын қолдағаны және жанкүйерлермен тығыз қарым-қатынас жасағаны үшін Атырау облысының басшысы Нұрлан Ноғаев аталған номинация бойынша жеңімпаз атанды. Премьер-лигада «мұнайшылар» командасы сегізінші орынды иеленген болатын. Өңірді Премьер-лиганың қатарына қайтарғаны және футболға деген ерекше ықыласы үшін Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Құмар Ақсақалов үздік деп танылды. Тоғыз жыл өткеннен кейін Петропавловдың «Қызылжар СҚ» клубы Қазақстан чемпионатының үздік дивизионына оралды. Инфрақұрылымға айрықша қамқорлық жасап, бір клубтардың құрылымындағы үш құраманы қолдағаны үшін Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев номинация лауреаты атанды. Премьер-лигаға жаңадан келген Қызылорда қаласының «Қайсар» командасы 2017 жылдың чемпионатында алтыншы орынға табан тіреді. Клуб құрылымындағы «Байқоңыр» және «Қайсар М» құрамалары Қызылорда облысының атынан бірінші және екінші лига чемпионаттарында лайықты өнер көрсетіп жүр.