Қазақстан президенті достық пен ынтымақтастықты нығайтуға, сондай-ақ Қазақстан мен Ресей арасындағы мәдени байланыстарды дамытуға қосқан елеулі үлесі үшін «Первый канал» акционерлік қоғамының бас директоры Константин Эрнстті ІІ дәрежелі «Достық» орденімен марапаттады, деп хабарлайды ҚазАқпарат, Ақорда баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Марапаттау Астана клубының үшінші отырысының соңында болды. Бұған дейін хабарланғандай, Елбасы Астана клубы Еуразия құрлығының болашағы үшін өзекті мәселелерді кең ауқымды сараптамалық деңгейде талқыға салатын бірегей өңірлік басқосу алаңы екенін атап өтті.
Нұрсұлтан Назарбаев Астана клубының жұмысы аясында қазіргі заманның түйткілді мәселелерін шешудің тиімді жолдарын табуға болатынын айтты.