Ауғанстан, БАӘ мен Иранға еттің экспорты басталды. Бұл туралы Үкімет отырысында Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат. «Отандық азық-түлік тауарлары шет елдерде үлкен сұранысқа ие, жалпы экспорттың көлемі 2 млрд АҚШ долларынан асады немесе 145 млн тонна өнімді қамтып отыр. Атап айтқанда, Ауғанстан, БАӘ мен Иранға ет пен құс еті, Қытайға өсімдік майы мен бал жеткізілімдері басталды», - дейді министр. Осы орайда Ж. Қасымбек 2016 жылы «Qazaq Organic Food», «KazMeat», «Halal Kazakhstan» (арнайы сапа белгісімен салалық желі бойынша біріктірілген тауар тобы) брендтері құрылғанын еске салып өтті. «Болашақта отандық кәсіпорындар бірыңғай брендтер аясында сыртқы нарықтарға шоғырлана алады. Қазіргі уақытта бұл брендтерді дамыту және ілгерілету үшін жол картасы әзірленіп, мүдделі органдармен келісіліп жатыр»,- деді ведомство басшысы. Айта кетейік, бүгінгі таңда Қазақстан экспорттаушы елдердің ішінде 52-ші орынға ие. Әлемнің 113 еліне 800-ден астам өндірістік өнім түрлерін шығарудамыз.