Атырау облысы шенеуніктерінің ыңғайсыз суреттері әлеуметтік желіден табылды, деп хабарлады Атырау облысы бойынша ҚР мемлекеттік қызмет істері және жемқорлықпен күрес департаментінің басшысы Тоқтамыс Жұмағұлов.
«Біз қаржы министрлігінің желісі бойынша мониторинг жүргізіп, оның барысында 9 мемқызметкердің әлеуметтік желідегі ыңғайсыз суреттерін таптық. Энергетика және атом өндірі комитетінің желісі бойынша 200 мемқызметкер тексерілді, нәтижесінде 5 адамның әлеуметтік желіде суреттері табылды. Ауыл шаруашылығы министрлігінің желісі бойынша 263 мемқызметкерге қатысты мониторинг жүргізіліп, 14 адамда ыңғайсыз суреттер табылды», - деді Т. Жұмағұлов сейсенбідегі брифингте деп хабарлайды ҚазТАГ.
МҚІжЖКД басшысы қандай суреттер «ыңғайсыз» анықтамасына жататынын түсіндірді.
«Егер шенеунік мейрамханада шарап құйып алып немесе қорқор тартып отырған суретін салса, бұл мемқызметкердің этикалық нормасына жатпайды және халықтың наразылығын тудырады. Мемлекеттік қызмет істері департаменті әлеуметтік желіден осындай ыңғайсыз суреттерді алып тастауға кеңес береді», - деп мәлімдеді Т. Жұмағұлов.