Атырау әкімдігінің қызметкеріне пара алғаны үшін Т18 млн айыппұл салынды, деп хабарлады Атырау облыстық сотының баспасөз қызметінен.
Атырау қаласы №2 сотында «Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар тасымалы және автокөлік жолдары қалалық бөлімі» ММ басшысының орынбасарына қатысты қылмыстық іс қаралды. Әкімдік шенеунігіне параның 60 есе сомасы көлемінде, яғни Т18 млн көлемінде айыппұл салынып, өмір бойына мемлекеттік қызмет атқару құқығынан айырды.
Тергеу нұсқасы бойынша, 2017 жылдың желтоқсанында мемлекеттік қызметкер мемлекеттік бағдарлама бойынша пәтер алуға көмектескені үшін Т300 мың көлемінде пара алған.
Сот отырысында сотталушы өз еркімен кінәсін мойындау туралы процессуалды келісім жасауға ниет білдіріп, прокурормен процессуалды келісім жасады.