Ақтөбе қаласынан оңтүстікке қарай 30 шақырым қашықтықта орналасқан Бестамақ ауылында қазақ халқының даңқты перзенті Есет батыр Көкіұлының 350 жылдық мерейтойы кең көлемде аталып өтті, деп хабарлайды Sputnik.kz Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Мерекенің дәл осы жерде өткізілуінің үлкен мәні бар, себебі — бұл ауылда қазақтың ұлы қолбасшысы мәңгілік байыз тапқан. Мұнда киіз үйлерден құралған үлкен ауыл бой көтеріп, қазақ күресі, аламан бәйге, жорға жарыс секілді ұлттық спорт түрлерінен жарыстар ұйымдастырылып, ақындар айтысы өткізілді.
Салтанатты шараның басты оқиғасы — Есет батырдың ат үстіндегі мүсіні ескерткішінің ашылуы болды. Шыны-пластиктен жасалған ескерткіштің биіктігі — 11,5 метр, салмағы — 1,5 тонна. Жергілікті кәсіпкер Нұрлан Сағналин ескерткішті орналастыру және аумақты көріктендіру үшін «Tуған жерге тағзым» акциясы аясында 32 миллион теңге бөлді.
Есет батыр Көкіұлы – қазақтың қол бастаған белгілі батыры, тархан – жоғары әскери-рулық ақсүйек өкілі. Ол жарты ғасырдан астам уақыт бойы жоңғарлар мен Еділ қалмақтарына қарсы күрескен, Әбілқайыр ханның үзеңгілес серігі болған.