Елордалық полицейлер мешітте ұрлық жасады деген күдіктіні ұстады, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА Астана ІІД баспасөз қызметіне сілтеме жасап. Полицияға хабарласқан қала тұрғыны 4 қаңтар күні шамамен 15:00-де С. Рақымов көшесіндегі мешітте белгісіз адам қалтасында құжаттары, ақшасы, телефоны, көлігінің кілті бар күртешесін ұрлап кеткенін айтады. Келтірілген залал 200 мың теңгеден асқан. Жедел-іздестіру шараларын жүргізген полиция қаланың 47 жастағы тұрғынын ұстады. Тергеу барысында оның бұрын осы сияқты бірнеше ұрлыққа қатысы бар екені анықталды. Ол бөгде біреудің күртешесін киіп, тайып тұрған. Осы факті Сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне ҚР ҚК 188-бабымен («Ұрлық») тіркелді. Тергеу жалғасып жатыр. Күдікті Астана ІІД уақытша ұстау оқшаулағышына қамалды.