Алдағы жылы Қарағанды облысының жұртшылығы атақты ойшыл Бұқар жырау Қалқаманұлының 350 жылдығын атап өтеді,деп хабарлады ҚазТАГ облыс әкімінің ресми сайтына сілтеме жасап. Мерейтойлық шараларға дайындық қазірден басталып кетті – Бұқар Жырау ауданының әкімдігінде ұйымдастыру комитетінің бірінші отырысы өтті.
Отырысқа аудан әкімі Шағурашид Мамалинов, аудандық ардагерлер ұйымының төрағасы Төкен Арбабаев, білім ардагері Ғалымтай Бахтияров, аудан әкімінің орынбасарлары және ұйымдастыру комитетінің мүшелері қатысты.
Мерекелік шараларды 2018-ші жылдың тамызында өткізу ұсынылып отыр. Өтетін орын әлі белгіленбеген – аудан жұртшылығы бұл мәселені әлі талқылау үстінде. Нақты шешімді жергілікті ақсақалдардың пікіріне сүйене отырып жасау көзделіп отыр.
Мерейтойға орай Бұқар жырау энциклопедиясын қайта басып шығару, республикалық айтыс, ғылыми-тәжірибелік конференциялар ұйымдастыру, телебағдарламалар циклін жасау жоспарланып отыр. Отырыс барысында бүгінгі таңда Бұқар жырау туралы бірде бір пьеса мен фильм жоқ екені атап айтылды.
Ұйымдастыру комитетінің өкілдері тек мерейтойлық шаралар туралы ғана емес, сонымен қатар ауданның елді мекендерін абаттандыру қажеттілігін де талқылады. Ардагерлер ұйымының басшысы Төкен Арбабаев Үлгі ауылындағы Қаныш Сәтпаев атындағы саябақты жөндеуді ұсынды.
Аудан әкімі Шағурашид Мамалинов Бұқар жырау Қалқаманұлының 350 жылдық мерейтойын өткізуге арналған Қоғамдық қор құрылатыны туралы мәлімдеді