Қазақстан денсаулық сақтау министрлігі Теміртаудағы бір жасар бала мен Қарағандыдағы үш жасар қыздың өлімін тексеріп жатыр, деп хабарлады ҚР ДМ қоғамдық денсаулық сақтау комитетінің төрағасы, елдің бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Жандарбек Бекшин.
«Әрине, бізге бұл жайттар белгілі және қазір олар тексерілуде, зертханалық зерттеулер жүргізілуде», - деді Ж.Бекшин дүйсенбідегі брифингте.
Оның айтуынша, олардың ішінде ең күрделісі – гистологиялық зерттеулер, олар ұзаққа созылады.
«Оған 20 күн кетеді. Бұл жағдайларды зерттеуге жұқпалы аурулар патологиясы саласының тәуелсіз сарапшылары да тартылған. Сол зерттеулер нәтижесі бойынша біз қосымша хабарлайтын боламыз», - деді ол.
Еске салсақ, Теміртау ауруханасында 2018 жылдың 3 қаңтар күні ішек инфекциясынан бір жастағы сәби көз жұмған болатын. Ал бұған дейін 2017 жылдың 31 желтоқсанында Қарағандыдағы жұқпалы аурулар ауруханасында үш жасар Айзере Қахарманова көз жұмды. Дәрігерлердің айтуынша, оның өліміне ішек инфекциясы мен вирусты инфекция себеп болған. Алайда анасы мамандардың бұл нұсқасымен келіспейді және дәрігерлерді сотқа бермекші.