Белгілі спортшы Қанат Ислам Астана қаласының 20 жылдық мерейтойына орай елордада үлкен кәсіпқой бокс кешін өткізеді, деп хабарлайды елорда әкімдігінің медиа орталығы.
Боксшының Астанада жоспарланған кеші туралы ақпаратты Қанат Исламның PR-менеджері Берік Сұлтан өзінің инстаграм желісіндегі парақшасында жариялады.
«Team QAZAQ Астана қаласының 20 жылдық мейрейтойына байланысты елордада үлкен кәсіпқой бокс кешін өткізбек. Келіссөз жұмыстары басталды. Бокс кеші 2018 жылдың мамын айында ұйымдастырылады деп жоспарлануда. Басты жекпе-жекте Қанат Ислам жұдырықтасады», - делінген Б.Сұлтанның парақшасында.
Бұған қоса блогер өз жазбасында аталған кеште Қанат Исламнан бөлек елімдің басқа да белгілі боксшылары шығатынын жазған.
«Қанат Исламнан бөлек бұл бокс кешінде көк туды желбіретіп жүрген елімізге танымал қазақстандық боксшылар да өз өнерін ортаға салады. Айта кетейік, Қанат Ислам желтоқсан айының соңында АҚШ-қа аттанады. Команда жоспары бойынша QAZAQ Астанадағы бокс кешінің алдында Америкада 1 жекпе-жек өткізеді», - деп жазды блогер.