Апатты үйлердегі 2000-дай адамға жаңа пәтер беру үшін 3,5 млрд қажет
Жезқазған қаласындағы 649 көп қабатты үйідің 29-ғы апатты деп танылған. Олар қаланың З0-лет Победы, Алашахан, Абай көшелерінде орналасқан. Өткен ғасырдың 1959 жылдары салынған бұл үйлерде 300-ден аса отбасы тұрып жатыр. Тұрғындар үйіндінің астына қаламыз ба деп қорқып отыр.
«Менің балам коляскада жатқан, жүрегім бір нәрсені сезгендей болды. Ұлымды басқа бөлмеге апарғаным сол еді, төбенің жарты қабаты еденге гүрс етіп құлады. Біздің әр күніміз қорқынышпен өтеді. Басқа тұрар жеріміз жоқ. Далаға қанғып кетпейміз ғой», - дейді қала тұрғыны Наталья ЖАРАСБАЕВА.
Жағдайдан қала әкімі мен облыс басшысы да хабардар екен. Апатты үйлердегі 1900 адамға жаңа пәтер беру үшін 3,5 миллиард теңге кетеді. Алайда, қазба байлықтың үстінде отырған мысты шаһарда ақша жоқ. Бар болғанның өзінде жеке үйлерге бюджетте қаражат бөлінбейді.
«Бұл мәселені облысқа да жазғанбыз. Олар біліп отыр. Тұрғын үй кодексінің 74 заңына сәйкес үй апатты болған тұрғын кезекке тұру керек. Сол кезек бойынша баспана беріледі. Біз бұл заңнан артық ешқандай шара қолдана алмаймыз. Жеке үйлерге Үкімет тарапынан, бюджеттен ақша бөлінбейді», - дейді Жезқазған қалалық тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы бөлімінің басшысы Қуаныш САНСЫЗБАЕВ.
Тұрғындар арасында пәтерге кезекке тұрғандар да бар екен. Мәселен Любовь ОРЕХОВА. Бірақ кезек өте баяу жылжиды. Орехова сегіз жылдан бері 30-орыннан қозғала қоймапты.
«Біз облыс әкіміне де, Елбасына да хат жазғанбыз түк шыққан жоқ. Үйіміз бір жаққа қисайып бара жатыр. Тұрған кезегіміз жылжымайды. Енді аштық жариялап, ереуілге шығудан басқа амалымыз қалған жоқ. Үйіндінің астында қалғанымызды күтіп отыр барлығы», - дейді Любовь Орехова.
Қазір тұрғындарға Жезқазғанда тек, төтенше жағдай қызметкерлері ғана көмек беріп отыр. Оның өзі кеңес түрінде. Қабырғалары сөгіліп тұрған үйлердің кез-келген жағдайда құлайтынын білетін олар құжаттарың мен керекті заттарыңды дайындап отырыңдар, деп айтып отырады екен.