Былтыр Қазақстаннан 37 707 адам көшіп кеткен, оның ішінде 35 680 адам – республика азаматтары
2017 жылы елімізден 37 707 адам көшіп кеткен, оның ішінде 35 680 адам – Қазақстан азаматтары. Олардың көбісі көрші Ресейге кеткен - 32 875 адам, ал қалған 2 960-ы Германияға, 288-і Беларусияға, 284-і АҚШ-қа болса, 127-сі Израильге қоныс аударған.
Елден кеткендерді ұлтына қарай саралап алғанда, 1447-і қазақтар, оның 1046-сы ТМД елдеріне кеткен, ал 401 адам өзге мемлекеттерге. Бұл туралы Статистика комитет өкілінің Ratel.kz тілшісіне берген жауабында айтылған.
Ведомствоның ақпаратына сәйкес, 27 242 орыс ұлтының өкілдері Қазақстаннан кетсе, Ресейден 3 333 адам көшіп келген. Сонымен қатар, 2487 украин елден кетсе, 392 украиндық Қазақстанға келген. Елге оралған қазақтар саны - 9432 адам.
Жалпы 2017 жылы Қазақстанға оралғандар саны 16 081 адам. ТМД елдерінен 11 596, қалғаны басқа елдерде. Оның ішінде: Өзбекстаннан – 5196 адам, Ресейден – 4383 адам, Қытайдан – 3204 адам.
2017 жылдың басынан бері 2018 жылдың 1 қаңтарына дейін Қазақстан халқы 238 864 адамға көбейген. 2017 жылы Астанаға 35 мың адам көшіп келсе, Алматыға 30 мың адам қоныс аударған.