«Хоргос ісі» бойынша сотталғандардың жайлы өмірлері туралы
Жақында Ішкі істер министрі Қалмұханбет ҚАСЫМОВ Қазақстанда жекеменшік түрме салу жобасы іске аспайтыны туралы мәлімдеді. Бір жағынан бұл дұрыс та шығар. Өйткені ақшасы бар сотталғандар онсызда жағдайын жасап алған сияқты ғой.
Жуырда қазақстандық сайттардың бірінде жемқорлықпен күрестің өзгеше бір жолы ұсынылған еді. Ол үшін қызмет бабын асыра пайдаланып пара алып, ел қазынасын тонағандар отырған түзету мекемесіне балаларға арнап экскурсия ұйымдастыру керек. Түрмедегі ауыр тұрмыс пен азапты өмір өскелең ұрпақты жемқорлықтан жиіркендіре түспек екен.
Бұндай тәрбиелік шараны ұйымдастырушылар қандай мемлекетте тұрып жатқанымызды қаперге алмаған сыңайлы. Естеріңізді жиыңыздар! Министр 200 мың доллар пара алып жатқан жерінен ұсталып, миллиардтан аса қаражат айыппұл төлеп құтылып кететін елде балалардың «түрмеге саяхаты» керісінше әсер етуі мүмкін емес пе?
Сотта ҰҚК-нің полковнитері Талғат ЖАҚАЕВ (лақап аты ТЖ), Бақытбек ҚҰРМАНӘЛИЕВ (лақап аты Кипиш), ҰҚК-нің подполковнигі Ерлан ӘБДРАХМАНОВ (лақап аты Шаман) және Алматы облысы кедендік бақылау қызметінің басшысы, полковник Құрманбек АРТЫҚБАЕВТЫҢ контрабандышылардың төбесінен қарағаны анықталды. Және олардың бұйрығымен бәсекелестердің жолы қиылып отырған.
Қылмыстық іс 2011 жылы қозғалып, сот алдына 1500 томнан тұратын іс түскен еді. Қырық бес адам айыпталып, 19 адамға іздеу жарияланған. Айтпақшы, кейбіреуі әлі де ұсталған жоқ.
Сот процессіне 600 куәгер, 4 прокурор, 48 адвокат пен 38 қоғамдық қорғаушы қатысты. 2014 жылы соттың үкімі шығып контрабандамен айналысып келген қылмыстық топтың ҰҚК-ті басшылары ауыр жазаға кесілді.
ҰҚК-нің бұрынғы офицерлері Талғат Жақаев пен Ерлан Әбдрахманов 17 жылға бас бостандығынан айырылса, Бақытбек Құрманәлиев 16-ға, кеден қызметінің экс-бастығы Құрманбек Артықбаев 14 жылға сотталды. Барлығы да қатаң режимдегі түзету мекемесіне түскен. Офицерлік шендерінен айырылып, дүние-мүліктері тәркіленген. Қызығы, бес жылға мемлекеттік қызметтен шектетілді.
Енді міне осы фотоның арқасында «хоргос ісі» бойынша сотталғандардың түзету мекемесінде қалай жазаларын өтеп жатқандарын көріп отырмыз. Білмейтіндер үшін суреттегі кейіпкерлермен таныстырып өтейік. Сол жақта екінші отырған – ҰҚК-нің бұрынғы полковнигі Бақытбек Құрманәлиев.
Қасындағы сол жақтаң үшінші ҰҚК-нің бұрынғы полковнигі Талғат Жақаев. Оларға қарама қарсы жайғасқан, оң жақтағы екінші адам ҰҚК-нің бұрығы подполковнигі Ерлан Әбдрахманов. Одан сәл ғана ары отырған полицияда полковник болған кісі. Содан кейінгісі кеден қызметінде еңбек еткен Құрманбек Артықбаев.
Суретте байқағанымыз олар үлкен терезесі бар кең бөлмеде отыр. Кадрге терезеге ілінген алтын түстес перде мен теледидар да түсіп қалған. Дастархан хан сарайындағыдай аста-төк болмаса да қуырылған тауық еті, кәуап, жеміс-жидек, ірімшік пен шұжық бар.
Түрменің тегін ботқасы көзіңізге түспейді. Үстелде ішімдік, минералды су я болмаса шай көрінбейді. Алайда әрбір адамның алдында екі стақаннан тұр. Неге екені белгісіз. Бірақ та екі сусынды қатар ішіп отырғандары анық. Міне қамаудағы өмірдің көрінісі осындай.
Жоғарыда айтқандай аста-төк дастарханнан тамақтанбаса да, дәмділеп ауқаттанады екен. Бұл Қазақстандағы гуманизм болса керек-ті. Әрине, түзету мекемелерінде адамша өмір сүруге болатыны жақсы. Түрменің қатты темір төсегі, шұрық тесік еден, түзету мекемесінің бірыңғай киімі жоқ. Темір тордың орнында пердесі бар терезе мен теледидар тұр. Кез-келген адам телефон, интернет бары бұндай жағдайды қос қолдап қолдайды.
Алайда басқа зектердің қандай жағдайда мерзімдерін өтеп жатқандары туралы әңгіме қозғасақ қалай? Қатаң режимдегі колония түгілі жалпы режимдегі түзеу мекемесінде осындай мол дастархан бар ма екен? Әрине, бұл сұрақтың жауабы бәріне белгілі.
Ratel.kz "Живой журнал" парақшасында 13.11.2015 жылы жарияланған.